Мәулен Әшімбаев мемлекеттік басқару процесін жетілдіруге бағытталған заңға пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған заң жобасы мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға және мемлекеттік басқару жүйесінде шешімдер қабылдаудың жеделдігін қамтамасыз етуге бағытталған», - деді сенатор Ләззат Рысбекова.

Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында ҚР Үкіметінің кейбір өкілеттіктері орталық мемлекеттік органдарға беріледі.

Атап айтқанда:

- экономикалық салада: стратегиялық жоспардың іске асырылуы туралы есепті жасау және ұсыну тәртібін белгілеу; аудиторлық қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын бекіту; кәсіби ұйымдар мен сертификациялау жөніндегі ұйымдар куәлігінің нысандары мен аккредиттеу ережесін бекіту;

- әлеуметтік салада: Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан туындаған иондаушы сәуленің әсерінен болатын аурулардың тізбесін бекіту; экономикалық қызмет түрлерін кәсіптік тәуекел сыныптарына жатқызу тәртібін бекіту; халықтың тығыздығына және елді мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекіту.

Сонымен қатар, заң жобасы аясында орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға кейбір функциялар беріледі. Оның ішінде:

- Білім және ғылым министрлігінен – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған оқушылар мен тәрбиеленушілердің арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандарттарына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету қажеттіліктеріне талдау жасау;

- Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен -шекаралық аймаққа кіреберістерде жол (ақпараттық) белгілерді орнату туралы;

- Ауыл шаруашылығы министрлігінен – балық шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамытуға субсидиялар беру.

Сондай-ақ, Экология, геология және табиғи ресурстар, Қорғаныс, Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің кейібір мәселелерде өкілеттіктерін күшейту мақсатында бірқатар қосымша фунциялар беріледі.

Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін қабылданған заң мемлекеттік басқару жүйесін реформалау аясында жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі екенін айтты.

«Заңдағы нормалар мемлекеттік басқару процесін ары қарай жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ осы құжат мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін және мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруды көздейді. Бұл өз кезегінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың дербестігі мен жауапкершілігін күшейтеді», - деді М. Әшімбаев.

Айта кетейік, биыл қазан айының соңында Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді.


Соңғы жаңалықтар