Мәулен Әшімбаев Маңғыстаудағы қуаңшылық туралы: Үкіметтің резерві пайдаланылады

None
None
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Маңғыстау облысына келді. Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сенаторлардың өңірлердегі жұмысы жалғасуда. Осыған орай Маңғыстау облысына келдім.

Қазіргі таңда өңірдегі қуаңшылық бәрімізді алаңдатып отыр. Мал шығыны да тіркелгені белгілі. Сапар барысында өңір басшылығымен, сондай-ақ, жұртшылықпен кездесіп, осы және өзге де өзекті мәселелерді талқыладық.

Бұл жағдай Мемлекет басшысының бақылауында. Президентіміз жуырда ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тиісті органдар мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар берді.

Соған сәйкес қиындыққа тап болған шаруаларға жүйелі қолдау көрсетіледі. Нақты айтқанда, шаруашылықтарды жем-шөппен қамтамасыз ету үшін Үкіметтің резерві пайдаланылады. Қосымша субсидиялар беріледі. Төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігі қарастырылады. Президент жем-шөптің ішкі нарықта жеткілікті болуы үшін оны шетке шығаруды уақытша тоқтата тұруды да тапсырды. Бұл жағдайды оңалту жолындағы маңызды шешім екені сөзсіз. Қуаңшылық - табиғи және қайталанып отыратын құбылыс. Сондықтан жедел шаралармен қоса кешенді іс-қимыл алгоритмін әзірлеу де маңызды. Жиында Мемлекет басшысы осындай нақты міндеттерді жүктеді. Бүгінгі сапар барысында осы мәселелерге баса мән беріп, Президентіміздің тапсырмаларын өңірде іске асыру барысына назар аудардық», - деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, ол сапар барысында «Каспий» су тұщыту зауытының жұмысымен танысты. «Маңғыстауда таза ауыз су мәселесі өте өзекті екені көпшілікке мәлім. Оны шешу үшін осындай нысандардың маңызы зор. Сапар аясында балық және нан зауыттарының қызметкерлерімен де кездесіп, Мемлекет басшысының жаңғыру бағдары мен қабылданған заңдардың маңызына тоқталдық.

Сондай-ақ, бүгін Әбіш Кекілбайұлы атындағы Мәдени орталыққа арнайы ат басын бұрдым. Қабырғалы қаламгер әрі қайраткер Әбіш ағамыздың ұлт тарихындағы орны ерекше. Сондықтан, ол кісінің есімін ұлықтау, бай әдеби мұрасын дәріптеу - баршамыз үшін абыройлы міндет», - деп толықтырды М. Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар