Мәулен Әшімбаев Көкшетауда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті

None
None
НҰР-АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысына сапары барысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Көкшетау қаласындағы су басқан «Привокзальный» шағын ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Партияның Фейсбуктегі парақшасында жарияланған ақпаратқа сенсек, аталған мәселеге байланысты Мәулен Әшімбаев партияның жергілікті филиалына төтенше жағдаймен күрес жұмыстарын бақылауда ұстап, зардап шеккен әр азаматтың мемлекет тарапынан берілетін міндетті көмекті алуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Елбасы, партия Төрағасының алдымызға қойып отырған ең басты міндеттерінің бірі - халықты алаңдатқан кез келген мәселені оң шешуге ықпал ету. Сондықтан су тасқыны сияқты айтып келмейтін апаттан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету - партия жұмысындағы басымдықтардың бірі. Мұндай мәселені қайта болдырмас үшін алдын алу жұмыстарын күшейтіп, басты себебімен күресуіміз керек. Сондықтан, партия облыс басшылығының осы бағыттағы жұмыстарын тікелей өз бақылауында ұстайды», - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, 2 сәуір күні Ақмола облысында Қыпшақты өзенінде су деңгейі көтеріліп, төтенше жағдай салдарынан Көкшетау қаласындағы бес тұрғын үй мен 15 аула су астында қалды. Өңір басшылығының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда облыс орталығында тасқын су мәселесі бірқалыпты. Төтенше жағдаймен күресу үшін арнайы техникалар мен жеке құрамның 80 адамы жұмылдырылып, апаттың салдарын жою жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар