Мәулен Әшімбаев: Қазақ пен қырғызға ортақ тұлғалар туралы фильмдер түсірген жөн

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің көмекшісі Мәулен Әшімбаев қазақ пен қырғызға ортақ тұлғалар туралы танымдық кітаптар шығарып, фильмдер түсіруге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі форумда зиялыларымыздың өзара байланысын әрі қарай дамытудың жолдарын талқылауға ниеттеніп отырмыз. Бұл бағытта бірнеше жобаны бірлесе жүзеге асыруға болар еді. Ең алдымен, ғалымдар мен мамандарға ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін мүмкіндіктер жасаған дұрыс болар еді деп санаймыз. Бұл ғылыми әлеуетімізді арттыруға септігін тигізеді.

Мәдени мұрамызды, терең тарихымызды дәріптейтін де бірлескен жобалар қажет. Мысалы, қазақ пен қырғызға ортақ тұлғалар туралы танымдық кітаптар шығарып, фильмдер түсірген жөн», - деді М. Әшімбаев Бішкекте Қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумында.

Сонымен қатар ҚР Президентінің көмекшісі зиялы қауым өкілдері жастарымыздың тығыз байланыста болуын насихаттауы керек екенін атап өтті.

«Жастар екі елдің ынтымақтастығын жалғастыруы тиіс. Өзара студент алмасу тәжірибесін әрі қарай дамытқан орынды деп санаймыз. Мұндай бастамаға жоғары оқу орындары белсене атсалысқаны абзал.

Ғалымдарымыз бен оқытушыларымыз тұрақты түрде бір-біріміздің университеттерімізге келіп, дәріс оқыса да артық етпейді. Сондай-ақ, баспасөзде, ғылыми басылымдарда екі елдің де авторлары өз мақалаларын жариялап отырғаны жөн деп ойлаймыз. Бұл екі елдің зиялы қауым өкілдерінің ұстанымын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Жалпы, екі халықты әрі қарай жақындастыра түсетін басқа да жобаларды жүзеге асыруға болар еді. Осында бас қосқан азаматтар осы ойларды жалғастырып, форум тақырыбына қатысты тың пікірлер айтады деп ойлаймы», - деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бішкекте «Бекем бауырластық байланыстар» тақырыбында өткен форумда Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған үш жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Сонымен қатар бүгінгі жиында М. Әшімбаев екі ел зиялы қауым өкілдері жиі кездесіп тұрса, түрлі саладағы ынтымақтастығымыз арта түсетінін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар