Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ өкілдерімен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлау жөніндегі кеңесшілері Радивоя Груич және Владимир Мисевпен, сондай-ақ, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының өкілі Димитрий Тодоричпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде тараптар алдағы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты мәселелерді талқылады.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Қазақстанның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ЕҚЫҰ-ның халықаралық қауіпсіздікті сақтау, бейбітшілікті қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау және демократиялық тетіктерді ілгерілетуге бағытталған саясатын қолдап келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол қазіргі таңда Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы қарым-қатынастың күшейе түскеніне назар аударды.

«Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығы еліміздің осы ұйымға төрағалық еткен кезеңінде бұрынғыдан да нығая түсті. Сол кезде қабылданған Астана декларациясы ұйымның дамуына тың серпін берген маңызды құжат болды», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол ЕҚЫҰ-ның барлық стандарттары Қазақстанның мемлекеттік бағдарламалары үшін негізгі бағдар болып саналатынын тілге тиек етті.

Оның айтуынша, Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-мен, ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросымен және басқа да құрылымдарымен ынтымақтастықты одан әрі нығайту аса маңызды. Сондықтан ол алдағы уақытта екіжақты қарым-қатынастың дами түсетініне сенім білдірді. Мұнан бөлек, М.Әшімбаев дәл қазір қазақстандықтардың тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанына назар аударып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтатқанымен, «Nur Otan» партиясының Төрағасы болып қала беретінін жеткізді.

«Біздің партия Елбасымыз айқындап берген еліміздің барлық стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу жолындағы жұмыстарын жалғастыра береді. Сондықтан алдағы президент сайлауына белсенді түрде қатысамыз. Келесі аптада өтетін партияның кезектен тыс XIX съезінде сайлауға қатысатын кандидатымызды ұсынамыз. «Nur Otan» сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне және барлық демократиялық нормалардың сақталуына мүдделі. Өйткені бұл билік сабақтастығын қамтамасыз ететін тетіктердің бірі болып саналады», - деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлау жөніндегі кеңесшісі Радивоя Груич елімізге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша келгендерін айтты.

«Біз мұнда сайлауға қатысты кейбір талаптарға бағалау жұмыстарын жүргізіп, алдағы саяси науқанға дайындықтың қазіргі деңгейін бағамдаймыз. Сондай-ақ Ұйымның атынан сайлауға байқаушылар жіберу ісін пысықтап, Қазақстанның бірқатар мемлекеттік органдарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және саяси партия өкілдерімен кездесулер өткіземіз», - деді Радивоя Груич.

Соңғы жаңалықтар