Мәулен Әшімбаев әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдайтын заңның басымдықтары туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында облыстың және Алматы қаласының әлеуметтік кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесуде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған заңның басымдықтары туралы сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат баспасөз қызметінің мәліметінше, Мәулен Әшімбаев сенаторлардың бұл салаға баса мән беруі тегін емес екенін айтып, қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік экономиканың өсуі мен қоғамның дамуында маңызды рөл атқаратынына назар аударды.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік - жаңа бағыттардың бірі. Оның болашағы зор. Бұл сала табыс табумен қатар, азаматтардың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіпкерліктің бұл түріне баса мән беріп келеді», – деді Сенат спикері.



Сондай-ақ, ол әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленгенін, оған сенаторлар бастамашыл болғанын жеткізді.

«Бұл заңда алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлікке заңнамалық тұрғыдан түсінік берілген. Осы заң арқылы әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауға арналған нақты шаралар да анықталды. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктер мен несиенің үстеме ақысын субсидиялау және жалдау құнын төлеу сияқты қаржылай қолдаулар қарастырылған. Мемлекет меншігіндегі ғимараттарды жеңілдікпен жалға беру мүмкіндігі де назарға алынды. Одан бөлек, мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін гранттар бөлінеді», – деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау үшін аса маңызды қадам жасалғанын айтты.

Ол өз сөзінде алдағы уақытта сенаторлар бұл саланы одан әрі қолдауға арналған жаңа тетіктерді ұсынуға және оларды талқылауға дайын екенін атап өтті.






Соңғы жаңалықтар