Мәулен Әшімбаев АЭА тиімділігіне күмән келтірді

None
Photo: senate.parlam.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгінде арнаулы экономикалық аймақтардың жалпы инфрақұрылымына 450 млрд теңге жұмсалған. Бұл жайында Сенаттың жалпы отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында депутаттар вице-министрден арнаулы экономикалық аймақтардың жұмысының тиімділігіне қатысты сауал қойған еді.

«Бүгінде АЭА-ның жалпы инфрақұрылмына 450 млрд теңге жұмсалды. Бірақ, өткен жылдың есептеріне сәйкес, оның 360 млрд теңгесі салық ретінде қайтарылды. Дегенмен, басты көрсеткіштердің бірі – АЭА аясында Қазақстанда шығарылмаған бірқатар жаңа тауарлардың болуы. Қазіргі сәтте шығарылған өнімнің сомасы 7 трлн теңгеден асады. Оның 450 млрд теңгесі экспортталған. Осы цифрға қарап, жалпы бүгінде АЭА салынған қаражатты ақтай бастады деуге болады», - деп жауап берді Ілияс Оспанов.

Осы орайда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев көтерілген мәселеге қатысты өз ұстанымын білдірді.

«Ілияс Есетұлы, жалпы бұл үлкен іс. Біз әріптесіміз көтерген мәселені дұрыс деп есептейміз. Жоғары аудиторлық палата қағазы бар. Сіз бәрі дұрыс дейсіз. Әріптесіміз Жанар Бейсентайқызы бірнеше фактіні айтты. АЭА бойынша қарайық. Өйткені өзекті мәселе әрі Мемлекет басшысы да арнаулы экономикалық аймақтардың тиімділігі мәселесін бірнеше рет көтерді», - деді Сенат төрағасы.

Осы орайда Мәулен Әшімбаев Атыраудағы «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» АЭА-дағы ахуалды мысалға келтірді.

«Атырауда Ұлттық индустриалдық мұнай-химия техопаркі» АЭА жұмыс істеп тұр ғой? Жұмыс істейді. Жоғары аудиторлық палата бізге ұсынған деректерге сәйкес, осы АЭА-ға соңғы жылдары мемлекет 162 млрд теңге салған. Бір арнаулы экономикалық аймаққа ғана. Ал 2013-2020 жылдары осы АЭА қатысушылары 16 млрд теңге салық төледі. Яғни, осы жылдардың ішінде мемлекет 162 млрд салды, салықтан 16 млрд теңге алды. Демек, мемлекет салған аталған соманың 10 пайызы ғана. Сіз бұл бастамасы, одан кейін нәтиже болады деп дәйек келтірерсіз. Бірақ, біз фактілерді қараймыз. Фактілерді интернеттен, әлеуметтік желіден алып отырғанымыз жоқ. Жоғары аудиторлық палата ұсынған құжаттардағы фактілерді аламыз. Мұның үстіне аталған АЭА-ға қомақты сома салынды, ал инфрақұрылымы тек 17 пайызға ғана қамтамасыз етілген. Осы АЭА-ға инфрақұрылымның 80 пайыздан астамы салынбағаны ғой. Тағы бір факт: оған салынған 100 пайыз инвестицияның 99,6 пайызы квазимемлекеттік сектор инвестициясы. АЭА шетелдік және жергілікті отандық инвестиция тарту үшін құрылады. Егер біз АЭА құрып, осындай қомақты қаражат салсақ, салық түрінде тек 10 пайыз қайтарым алсақ, оның үстіне инвестиция квазимемлекеттік сектордікі болса, онда мұндай аймақтың қандай тиімділігі жайында айтуға болады?», - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Сенат спикері квазимемлекеттік сектор арнаулы экономикалық аймақсыз-ақ өз қаражатын инвестициялай алатындығын баса айтты.

«Ол осыларсыз-ақ қандай да бір өзге өңірде кәсіпорын сала алар еді. Меніңше, осыған байланысты арнаулы экономикалық аймақтарға қатысты қатаң әңгіме болуы тиіс. Тағы да атап өтемін, Мемлекет басшысы АЭА тиімділігі мәселесін бірнеше рет көтерді. Қазір бұл тақырыпты пікірталасқа айналдырмай-ақ қояйық. Өзіміздің экономикалық комитетке өтініш жасаймын. 15 маусымда Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін тыңдаймыз. Бізге арнаулы экономикалық аймаққа қанша қаражат кеткені жайлы сұрақтар қоюға дәйекті, келісілген түрде дайындалу керек болады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар