Мәулен Әшімбаев: «7-20-25» бағдарламасы - жас отбасылар үшін үлкен мүмкіндік

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда бүгін «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында 90 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-ға жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев облыс әкімі Алтай Көлгіновпен бірге аталмыш бағдарламаның өңірдегі алғашқы қатысушыларына пәтер кілттерін табыс етті.

nullМәулен Әшімбаев «7-20-25» бағдарламасы қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі - баспана жайын тиімді шешуге бағытталған маңызды бастама, әсіресе, жас отбасылар үшін үлкен мүмкіндік екендігін жеткізді.

null- Баспананы кез келген отбасы үшін болашаққа салынған инвестиция десек те, артық емес. Осылайша Елбасы барша қазақстандықтардың үйлі болуына даңғыл жол ашып, ипотекалық несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Осы сапар нәтижесінде бес бастаманың Батыс Қазақстан облысында табысты жүзеге асырылып жатқанына куә болдық. Алдағы уақытта да партия бұл жұмыстарды бақылауды жалғастыра береді, - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

    Айта кетейік, өңірде тұрғын үй қарқынды салынуда. Биылғы жеті айда 250 мың шаршы метрден астам баспана іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 415,7 мың шаршы метр, соның ішінде бес әлеуметтік бастаманың бірінші бағыты бойынша 46 мың шаршы метр тұрғын бой көтермекші.

«7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты екінші деңгейлі банк өкілдерінің сөзіне қарағанда, БҚО бойынша 55 өтініш келіп түскен. Орал қаласы бойынша 19 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр.

nullМәулен Әшімбаев жұмыс сапары барысында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ашылған ІТ-орталықта болды. Орталықтың жұмысы екі бағытқа бөлінген: ІТ-сала мамандарының біліктіліктерін арттыру және жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген азаматтардың цифрлық сауаттылығын жетілдіру. Осы уақытқа дейін жұмыспен қамту орталығы арқылы келген 54 азаматқа сертификаттар табысталған. 

Аталмыш оқу орнында ашылған ІТ-орталықта биылғы 1 тамыздан бастап аймақ бойынша 30 информатика мұғалімі бағдарламалау, робот техникасы және 3D модельдеу негіздері жайында тереңдетілген білім алған. Болашақта бұл мамандар Батыс Қазақстанда ашылған тегін ІТ-сыныптарда оқушыларға білім беретін болады.

nullІТ-сыныптардың бірі Орал қаласындағы жастар және оқушылар сарайында ашылды. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысында 15 ІТ-сынып ашылып, онда 150 мектеп оқушысы ІТ саласы бойынша білім алуда. Аталған сыныптар Орал қаласымен бірге облыстың барлық аудандарында, ауылдық жерлерде де жүйелі жұмыс істеп тұр. «Нұр Отан» партиясы алдағы үш жылда ел бойынша бір мыңға жуық тегін ІТ-сыныптар ашуды жоспарлап отыр.

Мәулен Әшімбаев сондай-ақ Жастар және оқушылар сарайындағы коворкинг орталықта жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 4 коворкинг орталық ашылған. Олардың үшеуі облыс аудандарында, біреуі Орал қаласында. «Бастау» коворкинг орталығы - фриланс режимінде жастардың бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы креативті жобаларын (қызығушылығы бойынша клубтар, көрмелер, үйірмелер, шеберлік сыныптар, тренингтер, English club т.б.) жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 

-Қазіргі таңда жастардың білімді, сауатты болуы аса маңызды. Жастар бәсекелестік дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, өзінің жеке қабілеттерін дамыту үшін көп еңбек етуі керек, көп кітаптар оқуы қажет. Әсіресе, ағылшын тіліндегі шығармаларды. Ал, ол үшін ағылшын тілін меңгеру керек. Сонда әлемнің ең үздік шығармаларымен еркін таныса аласыздар, - деді кездесу барысында М.Әшімбаев.

Сапар барысында «Онлайн ұлттық бірыңғай геоақпараттық қызмет» шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жоба аясында әзірленген «SMART URALSK» автоматтандырылған жүйесі таныстырылды. Бұл портал арқылы кәсіпкерлер бос жер телімдері туралы толық ақпарат алуға қол жеткізеді және ол барлық қолданушыға қолжетімді болмақ. Орал қаласы еліміз бойынша ақылды қала жүйесін Астанадан кейін енгізген екінші қала болды. Мәселен, Орал қаласы әкімдігінің ғимаратында бөлімдердің жеке және заңды тұлғаларға қызмет түрлерін көрсетуге арналған «Ашық әкімдік»  атты инновациялық жоба жүзеге асырылуда.  Осының арқасында қала әкімдігінің ғимаратында орналасқан жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы бөлімдеріне қызмет алуға келген тұрғындар түрлі ыңғайсыздықтардан түгелімен арылған. Қазір барлық қызметті «бір терезе» қағидасы бойынша алуға болады.

Мәулен Әшімбаев сонымен қатар аймақтағы партия активімен кездесті. Онда Президенттің бес әлеуметтік бастамасы және жаңа партиялық жобалар бойынша атқарылған жұмыс барысы, алда тұрған міндеттер талқыланды.

Соңғы жаңалықтар