Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенция қабылданды - Сенат

None
None
АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңын қабылдады.

Конвенцияның мақсаты материалдық емес мәдени мұраны қорғау, тиісті қоғамдастықтардың, топтардың және жекелеген адамдардың материалдық емес мұрасын құрметтеу, жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейде материалдық емес мәдени мұраның және оның өзара танылуының маңыздылығына назар аудару болып табылады.

Бұл ретте материалдық емес мәдени мұра материалдық емес мәдени мұраны иеленуші ретінде тілді қоса алғанда, ойды жеткізудің ауызша дәстүрлері мен нысандарын; орындаушылық өнерді; әдет-ғұрыптарды, салт-жораларды, мейрамдарды, табиғат пен дүниеге қатысты білімдер мен әдет-ғұрыптарды; дәстүрлі кәсіпшіліктермен байланысты білімдер мен дағдыларды білдіреді. Құжаттың негізгі мақсаты адамзаттың материалдық емес құндылықтарын зерттеу, оларды қорғау жөнінде шара қолдану және бұл мәселе бойынша халықаралық ынтымақтастық орнату болып табылады.

«Құжатқа қосылудың өзектілігі зор. Біріншіден - Конвенция шеңберінде дүниежүзілік мәдени мұраның тізімінің аналогы - адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының көрнекті тізімі жасалған. Мысалы осы тізімге әзербайжан халқының кілем тоқуы, армянның дудук атты аспабында орындау шеберлігі, Грекияның Жерорта теңізінің диетасы, Грузияның ән айту мәнері, Қытайдың каллиграфиясын, Түркияның көлеңкелер театрын айтуға болады. Мәдени мұраның байлығын ескеретін болсақ, онда біздің де бұл тізімге қосарымыз да, ұсынарымыз да мол. Домбыра мен қобызбен күй орындау, қазақтың дәстүрлі ән айту өнері, айтыс және тағы басқа материалдық емес мәдени мұрамыздың барлығын осы тізімге енгізуге әбден лайық», - деді құжат бойынша баяндаған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Бұдан бөлек, қазақтың кең көлемді батырлар жыры, лиро-эпостық жырлары, ғашықтық дастандары секілді жауһарлар әлемдік мәдени мұраның тізімінен орын алуға лайықты мұралар.

Конвенция 2003 жылы қазанда Париж қаласында ЮНЕОКО-мен қабылданып, бүгінгі күні бұған дүние жүзінде 139 мемлекет қосылған.

Парламент қабылдаған заң мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар