Мәслихаттардан шығып қалған депутаттардың орнына сайлауға кандидаттарды ұсыну аяқталды - ОСК

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 30 қазанда республиканың 30 сайлау округінде болатын мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауға кандидаттарды ұсыну аяқталды. Бұл туралы еліміздің Орталық сайлау комиссиясынан хабарлады.

«Сайлау науқанының барысында 101 кандидат ұсынылды, олардың 31-ін саяси партиялар, ал 70-сі өзін-өзі ұсынды. Ұсынылған кандидаттардың 83-і (82,2 %) ер адам және 18-і (17,8 %) әйел адам. 31 кандидат Қазақстан Республикасының саяси партияларының мүшесі, 50-і партия қатарында жоқ, 20-сы партия қатарында екендігін көрсетпеген. Ұсынылған кандидаттардың ішінде 6 ұлттың өкілі бар. Орташа жас - 41. 84 (83,1 %) кандидаттың жоғары білімі, 12-сінің (11,9 %) орта кәсіптік білімі және 5-еуінің (5 %) орта білімі бар. Кандидаттардың 43,6 пайызы мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда және кәсіпорындарда, 41,6  пайызы коммерциялық құрылымдарда жұмыс жасайды. 12,8  пайызы - саяси партиялар мен ҮЕҰ-ның қызметкерлері, 2 пайызы жұмыспен қамтудың өзге топтарының өкілдері», - делінген таратылған ақпаратта.

Комиссия мәліметінше, қазіргі уақытта мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттарды тіркеу жалғасуда. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тіркеу 4 қазанда, ал Алматы, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында 5 қазанда аяқталады.

2016 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша округтік сайлау комиссиялары 87 кандидатты тіркеді. Тіркеу мерзімі аяқталған соң тіркелген барлық кандидаттар 28 қазан күнгі 24.00 сағатқа дейін жүретін сайлауалды үгітке кіріседі.

15 қазаннан бастап сайлау болатын округтердің сайлаушылары учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тізімдерімен танысып, олардағы өзі туралы мәліметтерді тексеріп және онда жіберілген қателіктерді анықтаған жағдайда, түзетулер енгізе алады.

«Сайлау науқаны қажетті қаржылық және материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілген және сайлау заңнамасының нормаларына сәйкес өтуде. Орталық сайлау комиссиясына шағымдар мен өтініштер келіп түскен жоқ», - деп хабарлады ОСК-ден.

Соңғы жаңалықтар