Мәслихаттарда Nur Otan депутаттарының ашық рейтингі жүргізіледі
2022 жылғы 28 қаңтар 16:11

Мәслихаттарда Nur Otan депутаттарының ашық рейтингі жүргізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәслихаттарда Nur Otan депутаттарының ашық рейтингі жүргізіледі. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өңірлердегі жұмысты көп жағдайда әкімдерден басқа ешкім көрсетіп жатқан жоқ. Жалпы жұртшылық мұнда партияның қандай рөл атқаратынын көрмейді, өйткені депутаттар бұл мәселеден өздері шет қалып отыр.

Мәслихаттарда Nur Otan депутаттарының жария рейтингін енгізу маңызды. Азаматтар халықтың әл-ауқатын және елдегі өмір сүру сапасын жақсарту үшін халық қалаулыларының не істеп жатқанын көріп, түсінуі тиіс. Мұндай шешім депутаттар жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететініне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезінде.

Бұған дейін Президент мәслихат депутатының төсбелгісін жоғары кабинеттерге рұқсаттама деп қарастырмау керегін айтқан еді. Сондай-ақ, Президент қаңтар оқиғалары Nur Otan депутаттарының беделі жоқтығын көрсеткенін сынға алды.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезі жабық режимде өтіп жатыр. Бекітілген күн тәртібіне сәйкес, онда – партияның Төрағасын сайлау туралы, жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы үш мәселе қаралады.



Jańalyqtar

MURAǴAT