Мәслихат хатшысы: Төменгі жалақыны өсіру — қуантарлық жаңалық

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Жанболат Жөргенбаев Президенттің жолдаудағы төменгі жалақыны өсіру тапсырмасын қуана қабылдағанын жеткізді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолдаудағы қуантарлық жаңалық - ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін өсіруді тапсырды. Аталған тапсырма 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске аспақ. Мәдениет саласы, кітапханашы, мұрағатшы, техникалық қызметкерлердің материалдық жағдайы назардан қалмай, алдағы 5 жылда жалақыны жыл сайын 20%-ға өсіру туралы тапсырмасы - еліміздегі 600 мыңнан аса қызметкерге қолдау болмақ», - деді ол.

Сондай-ақ мәслихат хатшысы алдағы уақытта депутаттар Президенттің жолдауын насихаттап, халыққа қарапайым тілде түсіндіру жұмыстарына кірісетінін жеткізді.

«Жолдауды іске асыру халық қалаулыларының да жіті назарында болмақ. Біздің тарапымыздан, яғни өңіріміздің 300-ден аса депутаттары Жолдауды бір кісідей жүзеге асырып, үлкен қалалардан шалғай ауыл тұрғындарына дейін маңызды құжатты насихаттау - жұмысымыздың бір бағыты болмақ. Ол үшін, мәслихат депутаттары ақпараттық-насихаттық топ құрамына енгізілмек.

Мақсатымыз айқын, Жолдаудың түпкі нәтижесі ол әрбір қазақстандықтың әлеуетінің артыруына бағытталған. Себебі мемлекетіміздің басты байлығы – Қазақстан халқы»,- деп толықтырды Ж. Жөргенбаев.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Мемлекеттің алдағы бағытын айқындайтын бұл Жолдауда әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа қадамдарына жол ашып отыр.

«Жалпы, Жолдау барысында Президентіміз ауыл шаруашылық, цифрландыру, әскери сала, денсаулықпен білім, спорт, өңірлердің дамуы, газдандыру, ауыз-сумен қамтуға қатысты бірқатар мәселелерді ашып жеткізіп, бұл салалардағы мақсат-міндеттерді іске асыруда бірқатар тапсырмалар берді. Сонымен қатар, энергияның жаңа көздері, еңбек қатынастары, көші-қонмен демократизациялау, құқық қорғау саласын да назардан тыс қалдырмай, алдағы міндеттерді атап өтті.

Қоғам арасында талқыға түскен мемлекеттік тіл мәселесінде күн тәртібінен қалдырмай, қазақ тілін білу ол, отаншылдықтың белгісі екенін жеткізді. Сонымен қатар, қоғам арасында белең алып бара жатқан әлеуметтік желілердегі бір күндік атаққұмарлық, вакцинаға қарсы елді үгіттеу сынды өзекті мәселелер қауіпті құбылыс екенін және зиялы қауым тарапынан осындай сұрақтар ұдайы назарда болу қажеттігін атап өтті», - деп ойын қорытындылады Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Ж. Жөргенбаев.


Соңғы жаңалықтар