Мәслихат депутаттығына ең жас үміткер Павлодар облысында, ең егдесі Астанада тұрады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәліметі бойынша мәслихат депутаттығына ең жас үміткер Павлодар облысында, ең егде үміткер Астанада тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәслихаттарға келетін болсақ, елімізде 223 мәслихат бар. Ондағы 3 415 мандаттың 3 081-і мажоритарлық негізде сайланады. Бұл – облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана құрамының жартысы, сондай-ақ қалалар мен аудандар мәслихаттарының депутаттары. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметі бойынша 3 081 депутаттық орынға 10 288 кандидат, бір орынға үштен астам кандидат ұсынылған», - деді ол ОСК кезекті отырысында.

Айтуынша, облыстық мәслихат сайлауына бір мандатты сайлау округтері бойынша – 1 451 кандидат, қалалық мәслихатқа – 2 114, аудандың мәслихатқа – 6 732 кандидат тіркелген.

«Мәслихаттар депутаттығына үміткерлердің 61,8%-ы өзін-өзі ұсынса, 38,2%-ын саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынды. Кандидаттардың 72,8%-ы – ерлер, 27,2%-ы – әйелдер. Орташа жас – 42,6. Ең жас кандидат Павлодар облысында, ең егдесі Астана қаласында тұрады. Барлығы 39 ұлттың өкілдері ұсынылды.

Еске салсақ, кеше Мәжіліс пен мәслихат сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталды.

Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде қандай тәртіппен орналасатынын жеребе арқылы анықтаған болатын.


Соңғы жаңалықтар