Мәслихат депутаттарына үміткерлерді іріктеу критерийлерін нақтылау қажет - Т.Мұқашев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Партиялық тізімге енетін Парламент, мәслихат депутаттығына кандидаттарды таңдаудың нақты критерийлерін әзірлеу қажет. Бұл туралы бүгін Сенат депутаттарының орталық атқарушы және жергілікті өкілетті органдардың басшыларымен кездесуі барысында сентор, "Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлесігі" РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мәслихат депутаттарына үміткерлерді іріктеу критерийлерін нақтылау қажет деп есептеймін. Депутатқа кандидаттың өзгелерге, қоғамға, ұйымға немесе топқа әсер ету қабілеттілігі ескерілуі керек. Бұл жерде партиялық тізімге енетін Парламент, мәслихат депутаттығына кандидаттарын таңдаудың нақты критерийлері болса деймін", - деді ол.

Сенатордың атап өтуінше, депутат белгілі бір деңгейде болашақты көре білетін, қабылданатын шешімдердің түпкі қорытындысына көз жүгірте алатын тәуекелшіл болуы керек.

"Сол себептен міндетті түрде мәслихат депутаттарының ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқытылуын енгізуді ұсынамыз. Бұл мәслихаттардың сапалы және біліктілігі жоғары құрамды қалыптастыруға мүмкіндік береді",- деді Т.Мұқашев.

Сонымен қатар ол мәслихат депутаттары үшін тиісті жағдай жасау қажеттігіне назар аударды.

"Ол үшін мәслихат хатшысы лауазымының атауын өзгерту артқылы оның мәртебесін көтеру қажет. Хатшы ұғымы техникалық қызметкер деп ұғынылады. Алайда мәслихат хатшысы үлкен өкілеттікке ие. Мысалы, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мәслихаттың өкілі болуы, мәслихаттың шешімін іске асыру бойынша бақылау жүргізу. Сол себептен осы мәселені жақсылап ойластыруды ұсынамыз. Сондай-ақ мәслихат хатшыларының еңбегіне ақы төлеу мәселесі осы күнге дейін шешілмей келеді", - деді сенатор.

Мұнан бөлек Т.Мұқашев тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат депутаттарының санын ұлғайтуды ұсынды. Мысалы бюджет немесе әлеуметтік мәселелер бойынша комиссия төрағасын тұрақты негізде жұмыс істейтін лауазымды тұлға ретінде бекіту қажет.

"Мәслихат аппараты қызметкерлерінің штат саны лимитін үш депутатқа бір қызметкер қатынасымен ұлғайту керек. Ал қазіргі уақытта бес депутатқа бір қызметкерден келеді", - деді ол.

Соңғы жаңалықтар