Мәскеуде «Ұлы Дала алтыны» көрмесі өтті

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеу тұрғындары мен қонақтары Қазақстан тарихының қазынасына енген бірегей археологиялық жәдігерлермен танысуға таптырмас мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

25 мыңнан астам экспонат қойылған «Ұлы дала алтыны» көрмесі Ресейдің қазіргі заманғы тарих мұражайында ашылды. Бұл Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Ресейдегі Қазақстан елшілігінің бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды.

Ауқымды іс-шараның тұсауын Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов ресми түрде кесті.

«Алдымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке, біздің айтулы ғалымдарымызға, сондай-ақ Ресейдің қазіргі заманғы тарих мұражайы басшылығына байырғы көшпенділердің зор тарихи және мәдени құндылыққа ие бірегей мұрасымен танысу мүмкіндігін ұсынғандары үшін ризашылығымды білдіргім келеді», - деп атап көрсетті Иманғали Тасмағамбетов.

null

«Осы тұрғыда Шығыс Қазақстанның аумағында орналасқан Берел, Шілікті, Елеке сазы сынды ескерткіштер ерекше маңызға ие. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстанның Ресей секілді жақын көршісіне салтаттылық дәуіріндегі өркениеттің жоғары деңгейін, метал өңдеудің, зергерлік өнердің, қару-жарақтың тамаша әрі жақсы сақталған үлгілерін көрсету мүмкіндігін иеленіп отырғаны ерекше қуантады.

Көрмеге облыс әкімдігі арнайы әзірлеп, жергілікті бюджеттен қаржыландырылған ұзақмерзімді археологиялық бағдарлама аясында соңғы үш жыл ішінде Шығыс қорғандарындағы ғылыми экспедицияларға жетекшілік еткен әйгілі қазақстандық археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев тапқан жәдігерлер қойылды. 2016-2018 жылдар ішінде тек ғылыми зерттеулерге ғана 500 миллионнан астам теңге бөлінген болатын, бір қуантарлығы - облыс делегациясы басшыларының айтуынша, осы бағдарлама алдағы жылдары да жалғаспақ.

null

Көрменің орталық элементі 2003 жылы Әбдеш Төлеубаев тапқан біздің дәуірімізге дейінгі VII-VIII ғасырлардағы «Алтын адамның» қалпына келтірілген экспозициясы болды. Көшпенді бейнесінің реконструкциясын жасаған - танымал шебер Қырым Алтынбеков, десек те ғылыми басшылықты жаңалықты ашушы ғалым іске асырыпты. Көрмеге келушілер көсем киімі мен әшекейлерінің ең ұсақ детальдарына дейін көріп, далалықтар дәуірінің рухын сезіне алды.

null

Ресейдің бас қаласына Әбдеш Төлеубаевтың 2016 жылы тапқан жәдігерлері де жеткізілді, олар Шілікті өркениеті туралы танымды айтарлықтай кеңейте түседі. Ғалымның айтуынша, Шілікті күллі еуразиялық кеңістіктегі ерте сақ мәдениетінің бесігі болып табылады.

Көрменің ашылуында Зейнолла Самашевтың Берел қорғанынан тапқан заттары, әсіресе, салтанатты әбзелдері бар Берел жылқысының (б.д.д. IV-III ғ.) реконструкциясы үлкен қызығушылық туғызды. Реконструкцияны ғалымның жетекшілігімен суретшілер одағының мүшесі Қалиолла Ахметжан жасаған.

Ал көрменің басты сыйы Зейнолла Самашевтың Елеке сазы қорғанынан тапқан сенсациялық жәдігерлері болды. Аталмыш қорымнан б.д.д. VIII-VII ғасырларға тиесілі жаңа «Алтын адам» шыққан-ды. Қазіргі уақытта ғалымдарымыз ресейлік әріптестерімен бірге сүйекке антропологиялық және морфологиялық зерттеу жүргізуде.

«Байырғы көшпенділердің идеологиялық танымында алтын жай ғана жарқыраған металл емес, ол - мәңгілік күннің бейнесі, оның материалданған сәулесі, сондықтан алтын патшаның, қолбасшының құдіреттілігін көрсетуге арналды. Тарбағатайдан Алтайға дейінгі алып аумақтағы белгілі бір бейнелер мен сюжеттердің, өнердегі көркем амал-тәсілдердің ұқсастығы өңір көшпенділерінің діни-идеологиялық жақындығын аңғартады. Аң стиліндегі барлық туындыларда барыс, қасқыр сияқты жыртқыштар, марал, бұғы, арқар, қой секілді тұяқты жануарлар және грифон, қыран, бозторғай құстары кездеседі. Мұның бәрі әлбетте ары қарай да зерттеледі, бір қуантарлығы - қазба материалдарының жақсы сақталуы жіті зерттеу жүргізуге толық мүмкіндік береді», - деді өз сұхбаттарында Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев.

«Әрине, археологиялық жәдігерлердің бүгінгі ұрпаққа дейін жетуі - ғалымдар Самашев пен Төлеубаевтың ерен еңбегі. Артефактіні тауып қана қоймай, оны сауатты аршып алу қажет. Ал бұл - күрделі іс. Қазақстан басшылығының ғылымға, өткенді зерттеуге лайықты көңіл бөліп отырғаны тәнті етті. Бұл адамзат қауымының болашағы бар екенін көрсетеді», - деп ойын жеткізді Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Егор Китов.

null

Мәскеуде ұйымдастырылған мәдени оқиғаға тек ресейліктер ғана қызығушылық танытып қойған жоқ.

Тарих ғылымдарының докторы, Германиядағы Тюбинген университетінің құрметті профессоры, Британиядағы Рединг университетінің жетекші ғылыми қызметкері Генрих Харке қазақ ғалымдары тапқан тарихи жәдігерлерді көріп таңғалғанын жасырмады.

Оның айтуынша, көрмедегі артефактілер ғылымды дамытуға, көне заманның көптеген құпияларын ашуға мүмкіндік бермек.
«Ұлы дала алтыны» Қазақстан азаматтарының да қызығушылықтарын туғызды.

«Бүгінгі көрме - мен үшін, Мәскеуде тұратын барлық қазақтар үшін айтулы оқиға. Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың одан ары нығайып келе жатқаны қуантады, Ресейде тұрсам да өз халқымның тарихын тануға, оны орыс достарыма көрсетуге мүмкіндік алып отырмын, - деді Мәскеу ұлттар үйінің маманы Гүлнар Ысқақова.

Көрменің ашылуында «Кербез» фольклорлық ансамблі мен Әміре Қашаубаев атындағы Шығыс Қазақстан филармониясы қазақтың классикалық туындыларын ұсынды.

Бірегей археологиялық жәдігерлерді ресейліктер әлі 17 күн тамашалай алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме алдағы уақытта жалғасуы да ықтимал.

null null null null null null


Бақыт Сәрсембаева

Мәскеу қаласы.

Соңғы жаңалықтар