Мәскеуде ТМД үкімет басшылары қандай мәселені талқылайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 25 қазанда Мәскеуде өтетін ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отырыс барысында үкімет басшылары достастық аясындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен преспективаларын талқылайды. Атап айтқанда, 2011 жылы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қол қойған еркін сауда аймағы туралы шартты іске асыру, сондай-ақ ТМД елдері арасындағы қызметтердің еркін саудасы туралы келісім жобасын келісу барысы туралы пікір алмасуы өтеді», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте.

Оның сөзіне қарағада, отырыс аясында заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану бойынша ынтымақтастықты, сондай-ақ құқық қорғау саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуді көздейтін бірқатар халықаралық шарттарға қол қою жоспарланған.

«Іс-шараға қатысушылар ТМД елдерінің қоғамды цифрлық дамыту саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасын және оны іске асыру жөніндегі бірінші кезектегі шаралар жоспарын бекітеді. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету стратегиясына және 2025 жылға дейінгі кезеңге құс тұмауы мен Ньюкасл ауруымен күресу әрі алдын алу бойынша ТМД мемлекеттерінің бірлескен іс-қимыл кешеніне қол қою жоспарлануда», - деді ресми өкіл.

Бұдан бөлек, 25 қазанда ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының жұмысына қатысады. Осы жылы бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үкімет басшыларының төртінші кездесуі болады.

Соңғы жаңалықтар