Мәскеуде оқитын қазақстандық полицей кішкентай баланы апаттан құтқарып қалды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәскеуде оқитын қазақстандық полицей Зарина Жұманбек кішкентай баланы ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы полиция департаменті аға криминалисті Зарина Жұманбек бүгінде Ресей ІІМ Басқару академиясында «Криминалистика және сот-сараптама қызметі» мамандығы бойынша білім алуда.

«Ағымдағы жылдың 16 мамырында жатақханаға бет алған полиция аға лейтенанты Зарина Жұманбек екі баласымен трамвай жолынан өтіп бара жатқан әйелді байқаған. Сол сәтте қатты соққан жел кішкентай қыздардың бірінің бас киімін ұшырып әкетеді. Оны алу үшін жолға жүгірген бүлдіршін келе жатқан трамвайды көрмеген. Оқиғаны сырттай бақылап, сақ тұрған Зарина жедел әрекет етіп, баланы ажалдан арашалап қалды», - деп жазды Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі парақшасына.

Заринамен бірге оқитын академия студенттерінің айтуынша, трамвай жүргізушісі жедел тежегіш басқанымен, көлік 12 метр жүріп барып қана тоқтаған. Қазақстандық полицейдің ерлігіне тәнті болған студенттер болған жағдайды академия басшылығына айтқан.

«Зарина Жұманбек бұл әрекеті арқылы кәсіби шеберліктің, батылдықтың және төтенше жағдайда нақты шешім қабылдай алудың жоғары деңгейін көрсетті», - деді Ресей ІІМ Басқару академиясы жетекшілерінің бірі Григорий Скрипкин.

Оқу орнының басшылығы жерлесіміздің ерлігін ерекше бағалап, Құрмет грамотасымен марапаттады.


Соңғы жаңалықтар