Мәскеуде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау өтті (ФОТО)

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеудегі «Лотте» қонақүйінде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігімен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау өткізілді.

Шараға РФ Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, Мемлекеттік Дума және Федералдық Жиналысы Федерациясы Кеңесінің депутаттары, Мәскеуде аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың басқарушы құрамы, ғылым және мәдениет қайраткерлері, федералдық БАҚ басшылары мен Ресейдің жетекші тілшілері, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Тәжин өз сөзінде Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында саяси тұрақтылық, динамикалық экономикалық даму және беделді сыртқы саясатымен ерекшеленетін мемлекет болып қалыптасып, үлкен әрі лайықты жолдан өткенін атап өтті.

«Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салмақты да теңгерімді саясатының арқасында өз қызметін азаматтық бірдейлік қағидатына негіздеп отырған қоғам құрылды», - деді М.Тәжин.

«Алдағы жылы елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында бастама етілген жаңғыртудың жаңа кезеңі басталады. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты экономикамыздың алдағы жылдардағы өсімінің жаңа қозғалтқышы болмақ», - деп атап өтті Елші.

Оның айтуынша, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы - оның сыртқы саясатының басты басымдығы. ҚР-дің Ресейдегі дипломатиялық миссиясының басшысы екі ел арасындағы серіктестік әрқашан достық пен одақтастық рухында дамитынына сенімін білдірді.

«2014 жыл жемісті жыл болды. 2015 жылдың 1 қаңтарында экономиканы дамыту, прагматизм, еріктілік және тең құқықтық басымдық болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істей бастайды», - деді ол.

«Барлықтарыңызды Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Сіздерге бақыт, денсаулық және амандық тілегім келеді», - деді сөзінің соңында М.Тәжин.

Қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен сондай-ақ статс-хатшы - РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин құттықтады. Өз сөзінде ол Қазақстанның дамуына, қазақстандық-ресейлік қарым-қатынастардың 2014 жылғы нәтижелеріне оң бағасын берді.

Оның пікірінше, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың нығаюы еуразиялық аймақтағы қауіпсіздікті сақтау факторларының бірі болып табылады.

Қабылдау аясында «Беймәлім Қазақстан» фотокөрмесі мен «ЭТНО-ЭРАТО» ұлттық киім көрсетілімі ұйымдастырылды.

Шараның қонақтары сондай-ақ салтанатты шараға ұлттық нақыш берген «А-Студио» тобы мен шоу қатысушысы Диана Шарапованың өнерін тамашалады.

Соңғы жаңалықтар