Мәскеуде Қазақстанның антиядролық бастамалары талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ресейдің мемлекеттік гуманитарлық университетінде «Ядросыз әлем үшін 25 жылдық күрес: Семей полигонының жабылуынан Н.Ә.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жаһандық бастамасына дейін» деген тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шараны Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен бірлесіп ұйымдастырды.

Конференция ресейлік саясаткерлер тарабынан шынайы қызығушылық тудырды. Оған Мемлекеттік думаның депутаттары, әскери ғылымның, эксперттік және қоғамдық ұйымдардың, екі елдің саяси және журналистік қоғамдастығының өкілдері қатысты. Шараға қатысушылардың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізгі ережелері мен 29 тамызда, Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық қауіпсіздік саласында тың бастамалар көтерген «Ярдолық қарусыз әлем  құру» халықаралық конференциясының қорытындылары жайында мол мағлұматқа ие екендігі байқалды.  Белгілі болып отырғандай, Қазақстан Көшбасшысы барлық ядролық державалар Ядролық қаруды азайту туралы жалпыға ортақ шарт әзірлеу жөніндегі келіссөздерді бастау, ядролық қаруға ие болуға және таратуға қарсы қатаң шаралардың нақты қолданылатын тетіктерін әзірлеу қажеттігін атап өткен еді.

Халықаралық шара барысында сөз сөйлеген Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев бүігнгі конференцияның БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен жыл сайын 29 тамызда аталып өтілетін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай өткізілетін кең ауқымды бағдарламалардың бірі бола алатындығына сенім артты.

«Ядролық сынақтардың барлық жантүршігерлік салдарына өз басынан кешірген біздің еліміз үшін ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу сөзсіз басымдығы болып саналады. Қазақстан Президентінің бастамалары бейбітшілікке, ядролық қарудан бостандыққа апаратын жолдың тиімді моделі. Қазақстан бұл модельді әлемнің барлық елдеріне пайдалануға ұсынады», - деді Е.Ашықбаев.

Ол  «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі ядролық қарусыз әлем 21 ғасырдағы адамзаттың негізгі мақсаты екендігін көрсететіндігін атап өтті. Жалпы алғанда, бұл - барлық жанжалдар мен соғыстарға қарсы соғыс. Оның атап өтуінше, күні кеше Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясында қабылданған қорытынды құжатта Манифесте көрініс табылған барлық өзекті тезистер қолдауға ие болған. Астанадағы конференцияның қорытындысында оған қатысушылар жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін арнайы сыйлығын тағайындауды ұсынған.

Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Тәжин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешімінің, Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуының және оның жаһандық ядролық қарусыздану саласындағы маңызды бастамаларының маңыздылығына жан-жақты тоқталды.

Елші Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуына үш нақты себептің де түрткі болғандығын айтты. Атап айтқанда, сол кездегі нақты тарихи және географиялық жағдайда ядролық қару жас мемлекет қауіпсіздігіне жүйелі түрде кепіл бере алмады; экономикалық жаңғырту қажеттілігі ауқымды инвестицияны талап етті және ол елге ядролық қарудан бас тартылғаннан кейін келе бастады; Қазақстан Президентінің іс-қимылының арқасында өңірдегі шиеленістер деңгейі мен тәуекелі айтарлықтай төмендеді.

«Нәтижесінде Қазақстан халықаралық деңгейдегі байсалды да, байыпты пайымынша мәртебесін иеленіп, экономикалық дамуда зор серпіліс жасады, өңірлік және кей кезде жаһандық қауіпсіздікке төнген бірқатар қатерді сейілтті», - деді М.Тажин.

Қазақстан Елшісі кейбіреулердің Шығыс Қазақстандағы ядролық полигон орнын бос кеңістік деп санағандығын, алайда бұл жер қазақ мәдениетінде, тарихында  қастерлі саналатындығын баса айтты.

«Бұл ұлттық мәдениет тұрғысында ең маңызды облыстардың бірі еді. Шығыс Қазақстан жаһандық тарихта да Алтай өркениеті дүниеге келген жер саналады. Тіпті,  кейбір белгілері бойынша Тигр мен Ефрат аралығында немесе Шығыс Азияда табылған өркениеттерден де көне екендігі белгілі. Сондықтан Қазақстан Президентінің ядролық полигонды жабу туралы шешімінің мәні түпкілікті тарихи таным мен естеліктерді қалпына келтіруде өте маңызды миссияны мойнына артты десек те болады», - деді ол.

Ресей бейбітшілік қорының төрағасы, РФ Мемлекеттік думасының депутаты Леонил Слуцкий Қазақстан Президентінің бейтішілік бастамаларына, оның ішінде 2010 жылы ұсынған ядролық қаруадан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларациясына, және осы жылы жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне өзінің ең жоғары бағасын беріп өтті.  Ол қазақстандық бастамалардың Ресей тарапынан саяси және эксперттік деңгейде қолдау тауып жатқандығын айта келе, оның екі елдің халықаралық аренадағы келісілген іс-қимылына өз септігін тигізетіндігін баса айтты.

Ал  Беларусьтың Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Игорь Петришенко бүгінгі конференция БҰҰ Бас ассамблеясының  Қазақстанның бастамасымен бекітілген Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған отырысымен қатар өткізілуінің терең нышандық мәні бар екендігін айрықша атап өтті.

«Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Беларусь Қазақстан және Украинамен бірге ешқандай шартсыз КСРО күйрегеннен кейін мұра болып қалған ядролық қаруды иеленуден бас тартты. 1991 жылы біздің еліміз Ядролық қаруды таратпау шартына ядросыз мемлекет ретінде қосылды. 1996 жылы стртегиялық шабуылдаушы қару-жарақтарды шығару аяқталды», - деп атап өтті Беларусь Елшісі.

Өз кезегінде  РМГУ бірінші проректоры Александр Безбородов Қазақстанның өңірдегі ықпалды ел екендігін және «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жаһандық бастамасы Қазақстан Президенті мен халқының бейбітшілік ісіне қаншалықты берілгендігін дәлелдейтіндігін баса айтты. Оның пайымынша, Манифестің ең маңызды ережесі әлемнің географиялық тұрақтылығын кеңейту болып отыр.

«Қазақстан бұл бағытта өзінің байыпты ниетін көрсетіп отыр. Елдің іші мығым, басшылық саясаты халық тарабынан қолдауға ие», - деп атап өтті А.Безбородов.

Кеңес одағы тараған кезеңде КСРО Қарулы күштері штабының бастығы болып жұмыс істеген армия генералы Владимир Лобов шын мәнінде әскерилердің ядролық қаруды жасауға ешқандай қатысы болмағандығын, олар тек қана саясаткерлердің айтқанын істегендігін айтып, тосын мәлімдеме жасады. Сонымен  қатар ол 1945 жылы Жапонияға қарсы ядролық қарудың қолданылуына және бірнеше ондаған мың адамның қаза табуын ақылсыздық деп бағалады.

«Бұл ақылға сыймас істің де шегі болуы тиіс. Дегемен, оны тек саясаткерлер ғана тоқтата алады. Бұл ең алдымен өз шешімімен Семей ядролық полигонын жапқан Нұрсұлтан Назарбаев сынды саясаткерлердің қолынан келеді. Ол дәл осындай саяси ерік-жігер танытып, ядролық қарудан бас тартқан әлемдегі тұңғыш саясаткер», - деді армия генералы.

Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Максим Шингаркин Ресей үшін оңтүстік шекараға алаңсыз қарауға боларлық ядролық қарудан азат аймақ Орталық Азияда құрылғанымен Еуропадағы ахуал алаңдатарлық екендігін айрықша баса айтты. Сонымен  қатар ол Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ ретінде құрған Нұрсұлтан Назарбаев Еуропада да ядролық қарусыз аймақ құру үшін еуропалық мемлекеттермен сындарлы сұхбат құра алатындығына сенім білдірді.

Ресей Жаралыстану ғылымдары академиясының Президенті Олег Кузнецов 70-ші жылдары Бүкілодақтық ядролық физика және геохимия ғылыми-зерттеу институтына басшылық жасағандығын, сондықтан да ядролық сынақтар салдарының проблемасымен жете таныс екендігін баса айтты.

Оның пайымынша, Қазақстан мен оның Президентінің халықаралық бастамалары барынша маңызды әрі өзекті. Өйткені, соңғы жылдары әлем халықаралық ахуалдың күрт өзгеруіне байланысты екіге бөліну алдында тұр.

«Көп жайт әлемдік даму қандай бағытта өрбитіндігіне байланысты. Яғни, не болмаса тұрақты даму траекториясына бет бұрады, не болмаса әскери қақтығыстар мен жанжалдарға беттейді. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары өте дұрыс. Бұл тамаша, заманауи идея. Біз оны толықтай қолдаймыз»,-  деп мәлімдеді О.Кузнецов.

Конференция барысында көптеген ресейлік мамандар сөз сөйлеп, ядролық қауіпсіздіктің сан қырына қатысты пікірлерін білдіріп жатты. Мәселен, Шекаралық ынтымақтастық қауымдастығы Стратегиялық жоспарлау қызметінің жетекшісі А.Собянин қазақстандық бастамалар негізінде Жол картасын әзірлеуді, Қазақстан, Ресей, Беларусь және Жапонияның күш-жігерін ядролық қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге шоғырландыруды және Астанада Ядролық қауіпсіздік саммитін өткізуді ұсынды.

Пікірсайыс барысында сарапшылар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзатты ядролық  қару қауіпінен азат етуге, оны таратпауға бағытталған саясаты бүгінде халықаралық қоғамдастық тарапынан лайықты бағасын алып отыр және бұл Қазақстанның қарусыздану, ядролық қауіпсіздік және таратпау саласындағы жаһандық көшбасшылығын білдіреді деген қорытындыға келді.

Соңғы жаңалықтар