Мәскеуде Қазақ мәдениетінің күні өткізілді

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеудегі Пионерлер сарайында «Мәскеу - менің үйім» мәскеулік балалар-жасөспірімдер ұлттық мәдениет фестивалінің аясында көктем мерекесі - Наурыз мейрамына арналған Қазақ мәдениетінің күні өткізілді.

Мәдени шараны қазақ мәдениетінің қоғамдық бірлестіктері, қазақ студенттері және Ресейдегі қазақ диаспорасының ұйымдары қалалық мекемелермен бірлесіп ұйымдастырды.

«Біз Наурыз мерекесін қазақ мәдениетін ашып көрсететін және оның сипатын толық беретіндіктен таңдап алдық. Табиғаттың жаңаруы, көктемгі көңіл күй, достың ықыласы - барлығы да осы мерекеге ұйысқан. Ұлттық мәдениеттер фестиваліне орай біз көптеген халыққа ортақ әрі қазақ мәдениеті мен дәстүрін ашып көрсететін мерекені ұсынып, оны қазақ халқы қалай атап өтетінін жұртқа тамашалатқымыз келді», - деді ұлттық мәдениет күнін ұйымдастырушылар жас жұбайлар Леран мен Гүлжанат Әлмұхамедовтар.
 

Наурыз мерекесі қарсаңында киіз үйдің интерьері, қазақтың тұрмыстық заттары, қолөнер бұйымдарынан көрме жасалып, қонақтарға бауырсақ, құрт және Наурыз көжеден дәм татқызылды.

Мерекені тамашалаушылар «Тоғыз құмалақ», «Түймеалу» және асық ойындарынан күш сынасты. Қыз-келіншектер арасында ұлттық ас мәзірі бойынша «Отбасымыздағы дәстүрлі тағам» байқауы ұйымдастырылды.
 

Келушілерге Мәскеу жастар фестивалінің лауреаттары «Алтын күз» әнін шырқап, «Шабыт» домбырашылар ансамблі күй шертіп, «Томирис» фольклорлық-хореографиялық ансамблі және «Яксарт» тобының өнерпаздары би билеп берді.
 

Концерт аяқталған соң бағдарламаға қатысушылар және балалар сурет байқауының және ұлттық тағам әзірлеу байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.
 

«Мұрагер» мәскеулік қазақ мәдениеті қоғамы» ӨҚБ президенті Ерназар Нұриевтың айтуынша, өскелең ұрпаққа халқымыздың тарихы мен дәстүріне қызығушылығын ояту және ынталандыру маңызды міндет болып табылады.
 

Соңғы жаңалықтар