Мәскеуде қазақ ақыны І. Жансүгіровтің 120 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті (ФОТО)

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Кеше Мәскеу ұлттар үйінде ұлы қазақ ақыны Ілияс Жансүгіровтің 120 жылдығына (1894-1938) арналған шығармашылық кеш өтті.

Бұл шараға ақынның туыстары, ақындар, жазушылар, ғалымдар мен студенттер жиналды. Қонақтарға фотолар, ақын мұрағатының материалдары ұсынылды. Өлеңдері мен поэмаларынан үзінділер оқылды. Сондай-ақ, көрермендерге І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының желісімен түсірілген Болат Мансұровтың «Тризна» көркем фильмі көрсетілді. Бұл шығарма Кеңес одағы кезінде 15 жыл көрсетілмеген еді.

Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі. Ол барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар берген әмбебап дарын. Әсіресе, өзінің аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындылар берді.

Алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көрген Ілияс 5-6 жылдың ішінде қатарынан арындап алға озып, Абайдан кейінгі дәуірдің аса көрнекті ақынына айналды. Прозалық, драматургиялық талантты кесек туындыларын айтпағанда, "Күй", "Күйші", "Құлагер" сияқты классикалық шығармалар тудырды.

Ол А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Н.А Некрасовтың, М.Горькийдің, Г.Гейне мен В.Гюгоның, Ғ.Тоқайдың, К.Лахутидің шығармаларын қазақ тіліне аударды.

«Ілияс Жансүгіровтың 120 жылдығын мәдениет пен әдебиет өте дамыған Мәскеуде тойлау, менің пікірімше үлкен жетістік»,-дейді Ресей Халықтар достығы университетінің магистранты Аягүл Мантай.

Айта кеткен жөн, бұл кешті Мәскеу аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы Кеңесі, Мәскеу «Қазақ диаспорасы» қоры, Мәскеу «Мұрагер» қазақ мәдениеті қоғамы, Мәскеу ұлттар үйі ұйымдастырды.

Соңғы жаңалықтар