Мәскеуде газ қоймасы өртеніп, жарылыс болды

None
None
МӘСКЕУ. ТАСС-ҚазАқпарат - Мәскеудің оңтүстігінде газ қоймасынан өрт шықты, деп хабарлады ТАСС агенттігі жедел қызметтегі дереккөзге сілтеме жасап.

«Газопровод 4а көшесіндегі газ резервуары орналасқан қоймада өрт шықты. Қойма ішінде жарылыс дауыстары естіліп жатыр», - деді агенттікке дереккөз.

Өртке қауіптің «жоғары» деңгейі беріліп отыр. Жарылыстың орын алу мүмкіндігіне байланысты оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер қауіпсіз арақашықтықты сақтауда.

«Қоймадағы газға арналған резервуардың жалпы көлемі 600 текше метрді құрайды», - делінген ТАСС-қа берілген мәліметте.

Өртке оранған қоймада бірнеше қуатты жарылыс орын алған. Сол себепті қазіргі уақытта өрт сөндірушілер брондалған қорғаныстың жеткізілгенін күтіп тұр.

РФ ТЖМ Мәскеу қалалық басқармасының баспасөз қызметі де өрттің орын алғанын растады.

«Қойма ғимаратында өрт болып жатыр. Алдын ала болжамға сәйкес, оның ішінде газ баллондары бар. Ненің өртеніп жатқаны және қызыл жалын шарпыған аумақ нақтылануда. Зардап шеккендер жоқ», - деді қалалық басқармадан.

Газ баллондары бар қойма ғимаратының қирағаны да белгілі болып отыр.

«Баллондар сақталған ғимарат қираған. Өрттен қорғау қызметінің жеке құрамы техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, қызыл жалынмен күрес жүргізіп жатыр. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Мамандар мен техника жеткілікті», - деді РФ ТЖМ Мәскеу қалалық басқармасынан.

Ал ТАСС агентігінің жедел қызметтегі дереккөзі ғимараттың жарылыс салдарынан қирағанын айтады. Сонымен қатар ол төтенше жағдай орын алған аумаққа жақын орналасқан үйлердің тұрғындарын эвакуациялау жүргізілмегендігін атап өтеді.

«Өрт құшағына оранған ангарға тақау орналасқан тұрғын үйлерден адамдарды қауіпсіз жерге шығару жүргізілген жоқ. Көлік қозғалысына шектеу енгізілген», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар