Мәскеу турнирінде Денис Тенге арналған баннерлер ілінді

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - 16 қараша күні Мәскеуде мәнерлеп сырғанаудан Гран-при сериясының бесінші кезеңі басталды. «Мегаспорт» мұз айдынында қайғылы жағдайда өмірден озған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған плакаттар мен баннерлер ілінді. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Атап өтілгендей, 15 қарашада спортшылардың ресми жаттығулары өтті. Кейін жанкүйерлер «Мегаспорт» мұз айдынында қазақстандық спортшы Денис Тенге арналған баннерлерді іліп қойған.

Сондай-ақ жұма күні аталмыш турнирдің ашылу салтанатында өзбекстандық мәнерлеп сырғанаушы Миша Джи Дениске арналған номермен өнер көрсетті. Өзбек спортшысы Денис Теннің музыкасына жазылған бағдарламаны ұсынды. Оның видеосы You tube арнасында пайда болды.

Sport.kz сайтының жазуынша, Мәскеудегі Гран-при турниріне Денис Тен де қатысуы тиіс болған.

Айта кетейік, байрақты додаға қыздар арасында қазақстандық спортшы, Азия ойындарының қола жүлдегері Элизабет Түрсынбаева қатысуда. Ол қысқа бағдарламадан кейін төртінші орында келеді. Бұдан ертеректе Э.Тұрсынбаева Канадада Гран-при сериясының  екінші кезеңіне қатысып, бесінші орынға ие болған еді.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен биыл 19 шілде күні пышақ жарақатынан көз жұмды. Оқиға Алматыда Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында сағат 15:00 шамасында болды. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсынан жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді.

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Кейін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар күдіктілер ұсталып, қылмыстарын мойындады.  

Ұсталған үш адамды қамауда ұстау мерзімі 22 қарашаға дейін ұзартылды.

 
Соңғы жаңалықтар