Мәскеу мемлекеттік университеті студенттері Қазақстан тарихын міндетті түрде оқиды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Сенатта «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Қазақстандық филалдың қызметін одан ары заңнамалық тұрғыда бекіту мақсатында 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында ҚР Үкімет мен РФ Үкіметі арасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімге қол қойылды. Осы келісім филиалдың жұмыс істеуін реттейді. Онда оқыту Мәскеу мемлекеттік университетінің оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

«Сонымен бірге, келісімде Қазақстанның жоғары оқу орындарында көзделген көлемде Қазақстан тарихы мен қазақ тілін міндетті түрде оқыту қарастырылған. Бұдан басқа, оқу жоспарларында Қазақстан экономикасының ерекшеліктері ескерілген. Бірінші және екінші курстарда Қазақстанды жаңғыртудың өзекті мәселелері туралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытылады. Қазақстан филиалының қызметіне мүлікті өтеусіз беру және білім гранттарын бөлу арқылы қатысады. Филиал мүлікті ешкімге бере алмайды, оның қызметі аяқталған жағдайда, мүлік Қазақстанға қайтарылады» - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, жыл сайынғы қабылдау жоспары 125 студент пен 40 магистрантты құрайды. Бүгінде филиалда 605 студент білім алады. Филиал жеке заңды тұлға болып есептелмейді, сондықтан Мәскеу унверситетінің лицензиялары мен аккредитациясы негізінде жұмыс істейді. Осыған байланысты келісімде филиалдың білім беру және қаржы-шаруашылық қызметін бақылау үшін ведомстволық комиссиясы көзделген. Филиал қызметі 3 жылда бір рет тексеріледі, сондай-ақ Қазақстан заңнамасында белгіленген өзге де тексерулер өткізуге болады.

Оқуды сәтті аяқтаған студенттерге Мәскеу мемлекеттік университетінің дипломы беріледі. 390 профессор мен оқытушының 130-ы бас университеттен тартылады. 14 жыл ішінде 1 725 маман даярланып шықты. Мониторинг нәтижелеріне қарағанда, соңғы 5 жылда түлектердің 93 пайызы Қазақстанда жұмысқа орналасты. Қазақстан заңнамасына сәйкес, филиал түлектерінің міндетті түрде жұмыс өтеу қажеттігі келісімде бекітілген.

Талқылау барысында комитет мүшелері аталған заң жобасын Сенаттың жалпы отырысына шығару туралы шешімді қабылдады.

Еске салсақ, 2000 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалын ашу жөнінде бастама көтерді. Сол жылы 9 қазанда РФ Президенті В. Путиннің Қазақстанға сапары кезінде филиалдың құрылуы туралы хаттамаға қол қойылды. Филиал осы уақытқа дейін Л.Н. Гумилев Еуразия ұлттық университетінің базасында қызмет етуде.

Соңғы жаңалықтар