Мәскеу маңында ұшақ апатынан Қазақстан тумасы ажал құшты - ҚР СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу маңында апатқа ұшыраған ұшақта Қазақстан тумасы  да болған, деп мәлімдеді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне ҚР СІМ өкілі.

«Біздегі мәліметтерге қарағанда, қаза тапқандардың арасында 1988 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген Қазақстан тумасы да (әйел адам) болған. Оның азаматтығын (БАҚ - Ред.) шатастырып алған болуы мүмкін. Дегенмен біз осы ақпаратты тексеріп жатырмыз. Ресей тарапынан жолаушылар арасында Қазақстан азаматы болғаны туралы ресми мәлімет алған жоқпыз. Сондықтан ұшақ бортында қазақстандықтар болмағаны жайындағы бұрын айтқан пікірде қаламыз», - дейді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов.

Еске сала кетейік, Орск әкімшілігінің баспасөз хатшысы Елена Абрамова алдын ала мәліметтер бойынша ұшақта Швейцария, Әзербайжан және Қазақстан азаматтары болғанын айтқан еді. «Болжауымызша, үш шетелдік азамат: Швейцария азаматы, Әзербайжан азаматы және Қазақстан азаматы болған. Соңғысына қатысты мәліметтер әлі тексеріліп жатыр», - деді ол.

Мәскеудің Домодедово әуежайынан әуеге көтерілген Ан-148 жолаушылар ұшағы бірден радар экранынан жоғалып кетті. Ол шамамен Мәскеу маңындағы Раменск ауданы аумағында құлады. Бортында 71 адам, соның ішінде алты экипаж мүшесі болған. Бұрын Орынбор облысының билігі ондағы 60 адам өңір тұрғындары болғанын айтқан еді.

Фото: russian.rt.com

Соңғы жаңалықтар