Мәскеу коронавируспен байланысты шектеулерді күшейтпек

None
None
МӘСКЕУ. ТАСС – ҚазАқпарат – Мәскеу мэрі Сергей Собянин коронавируспен байланысты жаңа шектеулер енгізді.

Ол қалада вирусты жұқтырғандардың саны едәуір өскенін және алдағы апталарда жағдайдың одан әрі нашарлауы ықтимал екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Жаңа шектеулер 13 қарашадан 15 қаңтарға дейін, екі ай мерзімге енгізіледі.

Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қашықтықтан оқытуға көшеді. Оқушылардың көлік карталары уақытша бұғатталады. Оқушылар мен студенттерге үйде болуға кеңес беріледі.

Мейрамхана, кафе, клубтар және басқа да ойын-сауық орындары клиенттерге 23:00-ден 06:00-ге дейін қызмет етпейді. Бұл ретте тамақты жеткізу тәулік бойы жұмыс істейді. Театр, кинотеатр және концерт залдарындағы көрермендердің ең көп саны үй-жай сыйымдылығының 25%-нан аспауы тиіс.

Көрермендердің қатысуымен мәдени, ойын-сауық, және басқа да осындай іс-шараларға, соның ішінде көрмелерге тыйым салынады. Шектеулер «атқарушы билік органдарының шешімі бойынша жүргізілетін ресми іс-шараларға» қолданылмайды.

Бұқаралық спорттық іс-шаралар, егер олар қалалық спорт департаменті және Роспотребнадзор басқармасымен келісілсе, көрермендердің қатысуымен өткізілуі мүмкін. Қызметі азаматтардың тікелей қатысуымен байланысты ұйымдарға QR-кодтар жүйесін енгізу ұсынылады. Ол бұрын тек түнгі ойын-сауық орындарына ғана қатысты болатын. Балалар ойын-сауық орталықтары, мейрамханалардағы балалар бөлмелері және сауда орталықтары жұмысын тоқтатады, бірақ балаларға арналған далалық ойын-сауық шараларына рұқсат етіледі.


Соңғы жаңалықтар