Масқара жағдай – ҚР ІІМ басшысы Заречный түрмесіндегі азаптау туралы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА 155/8 түзету мекемесіндегі азаптау туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әзірге мекеме ішінде түсірілген 40 бейнежазба мен аудиофайл тексерілді. Оның екеуінде сотталушыларға қатысты қинау фактісі байқалады. Қалғандарында түрме қызметкерлері өз қызметін асыра пайдаланған және колония әкімшілігінің тұтқындарды ұстау режимін бұзған», - деді Ерлан Тұрғымбаев Үкіметте тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Алдағы екі тәулікте сот арқылы бұлтартпау шарасы қолданылады деп ойлаймын. Бұл оқиға біздің қылмыстық-атқару жүйесіндегі масқара жағдай болып отыр. Жақында ғана пенитенциарлық жүйемен тікелей айналысатын халықаралық сарпапшылардың, үкіметтің емес ұйымдардың қатысуымен жүйе жұмысын жақсарту үшін форум өткізіп едік», - деп атап өтті министр.

Сонымен бірге, ол мұндай оқиғалардың алдын алу шаралары жөнінде айтып берді.

«Өзге мекемелерде Заречныйдағы оқиға қайталанбауы үшін ұлттық превентивті механизм ұйымымен және азаматтық қоғаммен бірлесіп, азаптау фактісі болған мекемелерге тексеру жүргіземіз», - деді Е. Тұрғымбаев.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде формадағы адамдардың тұтқынға жәбір көрсетуі туралы видео тараған еді. Бейнежазба қоғам наразылығын тудырды.

Салдарынан колонияның 7 қызметкері жұмыстан шығарылды.

Соңғы жаңалықтар