Маска жетіспеушілігі неліктен туындады – Алматы санитарлық дәрігерінің орынбасары

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қадағалау департаментінің өкілдері мен Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы маска тапшылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде маскалардың қоры шынымен аз. Бірақ аз болса да бар. Күн сайын аптекаларға қоңырау шалып, маскалардың бар-жоғын анықтап жатырмыз. Тасымалдаушылар мен өндірушілерден мағлұмат алып тұрамыз. Маска тапшылығын халық өзі тудырды. Шын мәнінде масканы ауырған адам өзгелерге жұқтырмас үшін тағуы тиіс болатын», - деді департамент басшысының орынбасары Әсел Халықова.

Оның айтуынша, екі апта бұрын масканың құнын қадағалау туралы меморандумға қол қойылған. Бірақ кешелі бері мониторинг жұмыстары тоқтатылды.

«Маскалардың өндірісі, жеткізілуі, сатылуында жағдай мәз емес болған соң меморандум тоқтатылды», - деді Әсел Халықова.

Қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, маскалардың тапшылығын болдырмау бағытындағы жұмыстар ҚР ДСМ тарапынан қолға алынып жатыр.

«Үкіметтік ведомствоаралық комиссияның деңгейінде маска өндірушілерінің өндірісін арттыру үшін жұмыс атқарылып жатыр. Олардың мүмкіндігін кеңейту үшін шикізат жеткізу мәселесі қолға алынды. Осы шаралардың арқасында жекеменшік аптекаларға жеткізілетін маскалардың саны артады деп ойлаймыз», - деді Әбілдаев.

Мұның алдында қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев коронавирус жұқпасының ахуалы туралы айтқан болатын.

Айта кету керек , әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 90 мыңнан асты.

Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебреес мәлім етті.

Қазіргі уақытта әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 90 893 адам және одан 3110 адам қайтыс болды.

Соңғы 48 сағатта Қытайдан тысқары жерде тіркелген 1848 науқастың 80%-ы үш елге тиесілі: Иран, Италия және Оңтүстік Корея.


Соңғы жаңалықтар