Маска мен погондарын жұлған: Петропавлда мас әйел курсанттарға тап берді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда кезекшілік атқарып жүрген әскери институттың курсанттарына карантин режимін бұзған әйел күш көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 7 сәуір күні болған. Петропавлдағы Кеншінбаев көшесінде кезекшілік атқарып жүрген әскери институттың курсанттары құжаттарын тексеру үшін екі адамды тоқтатады. Қала тұрғындарының екеуі де мас болған және әскери нарядтың бастығы, қатардағы курсант Нұрғазы Қамбарбековтың заңды талабын орындамаған.

Өздерімен жеке куәліктері болмағандықтан, әйел мен ер адамға тірек пунктіне бару керектігі айтылған. Алайда, әйел барудан бас тартып, курсанттарға былапыт сөздер айтқан. Мұнымен қоймай, әскери наряд бастығының бетіндегі медициналық маскасын және иығындағы погонын жұлып, мойнын тырнап алған.

Әскери наряд екеуін де ұстап, Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының бөліміне жеткізді. 1986 жылы туған қала тұрғыны – әйелге қатысты билік өкіліне қарсы күш қолданғаны үшін қылмыстық іс қозғалды.

Еске салайық, Петропавл қаласы 3 сәуірден бастап карантинге жабылды. Шектеу талаптарының орындалуын және көше тәртібін қадағалау мақсатында ҚР ҰҰ Әскери интитутының 200 курсанты күнделікті кезекшілікке түседі.


Соңғы жаңалықтар