Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленуде. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта 2019-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Кешенді жоспар машина жасауды, оның ішінде ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамытуға бағытталған түрлі шараларды қамтиды. 2018 жылдың 20-21 қыркүйегінде өткен Қазақстан машина жасаушыларының VI форумында кешенді жоспар жобасы талқыланған болатын. Бүгінде кешенді жоспар жобасы мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың келісіміне жолданған», - деді Асқар Мамин.

Айта кетейік, 13 ақпанда Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттары сол кездегі Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа ресми сауалмен жүгініп, отандық ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамытуға бағытталған жоспар түзуді ұсынған еді. Депутаттардың дерегінше, өткен жылы отандық арнайы ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорындар 24 млрд теңгенің өнімін өндірген. Алайда, сырттан келетін импорт көлемі 100 млрд теңгеге жуықтап отыр.

Бұған қоса, еліміздегі жылдық жалпы өндірістік қуаты 2 300 трактор мен 1 100 комбайн шығаруға қауқарлы 77 кәсіпорын 50 пайыздық жүктемемен ғана жұмыс істеп тұр.

Соңғы жаңалықтар