Мәшһүр Жүсіптің қолжазбалары мен жеке заттары көрмеге қойылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Ғұлама тағылымы» атты тақырыптық көрме ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Салтанатты ашылуға келген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков бұл ғұламаның мерейтойына арналған шаралардың бастауы екенін атап өтті.

«Аталмыш көрме Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығына арналып отыр, - деді Ардақ Райымбеков.  - Бұдан да басқа осы жылы тамыз айында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. Баянауылдың өзінде айтыс, конференция, Мәшһүр оқулары және тағы басқа шаралар өткізіледі».

ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» ғылыми кітапхана меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаева көрмеге әкелінген жәдігерлер жөнінде баяндады.

«Өз көздеріңізбен көрсін деп көне 25 қолжазбасын әкеліп отырмыз, - деді Қарлығаш Қаймақбаева. - Кейбір жазбалар 500 беттен асады. 1907 жылы Қазан қаласында шыққан, алайда, цензурадан өтпей қалған және сол үшін Мәшһүр Жүсіп Қазақстанның батыс жағына кетуге тура келген үш кітабы бар. «Хал ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екені» және «Тіршілік» деп аталатын сол кітаптарды да ала келдік. Тәуелсіздік жылдарында да жарық көрген кітаптар әкелінді. Осы еңбектердің электронды нұсқасын музей қорына сыйға тартпақпыз».

Айта кетейік, көне қолжазбалармен бірге Ескелді шатқалындағы мемориалдық музейінен әкелінген ақынның жеке заттары - құран, мұстек қобдишасымен, жез леген, кісе белбеу, әмиян, шақшалары, көзілдірігі көрмеге қойылған. 

Соңғы жаңалықтар