Мәшһүр Жүсіптің бұрын-соңды жарияланбаған шығармалары көптомдық болып шығады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің бұған дейін жарияланбаған шығармалары мен жұмыстары енген үш томдық дайындалып жатыр. Бұл туралы бүгін Торайғыров университетінде «Мәшһүр Жүсіптің тарихи мұрасы мен қоғамның рухани дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Торайғыров университетінде 2004 жылдан бері ғылыми-тәжірибелік орталық жұмыс істейді. «Мәшһүртану» пәні енгізілген. М. Көпеевтің шығармалары мен энциклопедияларының 20 томдығы жарық көрді. Балаларға арналған иллюстрациялық әңгімелер жинағы да оқырманға жол тартты. Қазіргі уақытта орыс тіліндегі үш томдық әзірленіп жатыр, оның құрамында бұған дейін жария болмаған шығармалар мен жұмыстар енгізілмек.

Мәшһүр Жүсіптің мұрасын зертеушілер қатары артып келеді. Мәселен, Қазақстаннан бөлек, Америка, Жапония ғалымдары қызығушылық танытып отыр.

Конференция барысында М. Көпеевтің қазақ қоғамына берген мұрасы туралы ойларымен Моңғолия және Түркия елдерінің өкілдері бөлісті.

Философтың шөбересі, Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты тарихи материалдарды зерттеу республикалық ақпараттық орталығының директоры Меруерт Әбусейітова атап өткендей, ұлы қазақ этнографы өз халқының тарихын шежіре арқылы жеткізді.

«Мәшһүр Жүсіптің жазба дәстүрі бірегей әрі тарихты ауызша жинаған өзгелерден ерекшеленеді. Ол «дала тарихы» бағытының негізін қалаушы», - дейді тарих ғылымдарының докторы.


ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Дінтану, саясаттану және философия институтының бас ғылыми қызметкері Аяжан Сағиқызының айтуынша, ойшылдың мұрасы рухани болашаққа бағыттайды.

«Ойшылдың мұрасында әр адам өз халқын, дәстүрін, ұрпағын құрметтеп, сүйіп өмір сүру керектігі туралы айтылады. Бұл өмірлік қағидаттар адам тұрмысының мағынасын анықтауға көмектеседі. Бірақ, Мәшһүр Жүсіптің негізгі идеясы болашаққа апарар жол туған жер, адамдарға деген сүйіспеншілік арқылы жетеді деген пікірге саяды», - дейді философия ғылымдарының докторы.

ҚР БҒМ Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов Мәшһүр Жүсіп жинаған тарихи материалдар тұрғысында пікірін білдірді. Тарихи дереккөздер 18-19 ғасырлардың басындағы кезеңдерге қатысты.

Айта кетейік, Павлодар облысында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мәдени-тарихи мұрасын сақтау бойынша кешенді зерттеу жұмыстары қолға алынған. Оның есімі орталық мешітке берілген. 2006 жылы ескі мазардың орнына үлкен кешен салынды. Бүгінде қасиетті жерге жүздеген адам келіп, дұға бағыштайды.


Соңғы жаңалықтар