Мәшһүр Жүсіп, Мұса Шорманұлы және Бұқар жырау кесенелерін жалғайтын жол қашан жөнделеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәшһүр Жүсіп, Мұса Шорманұлы және Бұқар жырау кесенелерін жалғайтын жол қашан жөнделеді? Сенаторлардың бұл сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жазбаша жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет Қазақстан Республикасының туристендіру картасының басым аумақтарының үздік ондығына кіретін Баянауыл курорттық аймағын танымал ету және ілгерілету бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Өздеріңізге белгілі, Мәшһүр Жүсіп, Мұса Шорманұлы және Бұқар жырау кесенелерін жалғайтын автомобиль жолының жалпы ұзындығы - 114 шақырым. Мәшһүр Жүсіп кесенесінен Мұса Шорманұлы кесенесіне дейінгі автомобиль жолының ұзындығы 84, оның ішінде асфальт төселгені 73 және қиыршық тас төселгені 11 шақырымды құрайды. Биыл қиыршық тас төселген жерлерге асфальтбетон төсеп, ұзындығы 11 шақырым учаскені орташа жөндеу жоспарланған. Жобаның жалпы құны - 365 млн теңге» делінген Премьер-Министрдің жауабында.

Үкімет басшысы жауабындағы мәліметке сәйкес, республикалық бюджетті бірінші нақтылау кезінде жобаны іске асыруға 124,3 млн теңге мөлшерінде алдын ала қаражат қолдау тапты.

Сондай-ақ Павлодар облысының әкімдігі жергілікті бюджеттен 241,3 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр.

«Мұса Шорманұлы кесенесінен Имантай және Әлима Сәтбаевтар мазарына дейінгі (10 шақырым), одан әрі Кемал Ақышевтың туған жеріне дейінгі (10 шақырым) және Бұқар жырау кесенесіне дейінгі (10 шақырым) автомобиль жолының ұзындығы 30 шақырымды құрайды және жол төсемі жоқ. Бүгінгі күні Павлодар және Қарағанды облыстарының әкімдіктері жоғарыда көрсетілген учаске құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Ол осы жылдың үшінші тоқсанында аяқталмақ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Мемлекеттік ведомствоаралық жобалардың сараптамасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының оң қорытындысын алғаннан кейін Үкімет жоғарыда көрсетілген жобаларды қаржыландыру мәселесін қарайды», - деп нақтыланған Асқар Маминнің жауабында.


Соңғы жаңалықтар