Мас күйінше қоғамдық тәртіпті бұзған екі шетел азаматы рейстен түсірілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлік полициясы «Атырау - Астана» рейсінен мас күйде қоғамдық тәртіпті бұзған екі ҚХР азаматын рейстен алып қалып, шетел азаматтарына әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі көлік полициясы департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, көлік полициясының желілік бөлімдерінің кезекші бөліміне «Эйр Астана» әуе компаниясынан өтінім келіп түскен. Анықталғандай, «Атырау - Астана» рейсі ұшар кезде екі жолаушының өзін дұрыс ұстамай, қоғамдық тәртіпті бұзғаны хабарланған. Өтініш берушілердің айтуынша, мас екеу өздерін жағымсыз жағынан көрсетіп, әуежай қызметкерлеріне тіл тигізіп, әдепсіздік танытқан.

«Тексеру барысында олардың Қытай Халық Республикасының 51 және 41 жастағы азаматы екені анықталды. Көлік полициясының қызметкерлері осы жағдайдың мән-жайын анықтау үшін жоғарыда аталған рейстен құжат бойынша екеуін алып қалды», - делінген хабарламада.

Медициналық тексерістің қорытындысы бойынша ұсталғандардың алкогольді ішімдік ішу деңгейі «орташа» екені анықталды. Осыдан кейін полиция қызметкерлері алкоголь ішіп, қоғамдық орында шу шығарған екеуіне қатысты әкімшілік хаттама толтырып, құқық бұзушыларға 5 АЕК (12 625 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салды.

Сонымен бірге, Атырау қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ұсақ бұзақылықтарына байланысты құқық бұзушыларға 5 АЕК-тен (12 625 теңге) әкімшілік айыппұл салған.

Соңғы жаңалықтар