Мас күйде ұсталған жүргізушілердің барлығы 15 тәулікке қамалады - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл мас жүргізушілердің кесірінен 31 адам қаза тапты. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асқар Тәженов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылы Мемлекет басшысы көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы тапсырма берді. Тиісті заң 2020 жылдың 11 қаңтарында күшіне енді. Толықтай алғанда, қабылданған заң ережелерімен мас күйде көлік жүргізгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Осы жылдың 5 айында республика жолдарында мас күйдегі жүргізушілердің кінәсінен 149 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 208 адам жарақаттанып, 31 адам қаза тапты», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бүгінде елімізде көлік құралын жүргізу құқығынан айыру мерзімі айтарлықтай ұзартылды. Мәселен, бұған дейін көлікті мас күйде жүргізген азамат бірінші рет ұсталғанда 3 жылға көлік басқару құқығынан айырылатын. Ендігі уақытта бұл мерзім 7 жылға ұзартылды. Бұған қоса әкімшілік тұтқынға алу енгізілді.

«Ендігі уақытта мас жүргізуші алғаш рет ұсталса да көлік жүргізу құқығынан айырылып қана қоймай, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады», - деді Асқар Тәженов.


Соңғы жаңалықтар