Мас күйде төбелес шығарған – елорда әуежайында жолаушы тұтқындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың әуежайында көліктегі полиция қызметкерлері әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 43 жастағы ер адамға айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көліктегі полиция қызметкерлері ер адамды Әкімшілік кодекстің бір емес, үш бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартқан. Атап айтқанда ер адам электронды темекі шегіп, қоғамдық орында мас болғаны, сонымен қатар ұсақ бұзақылығы үшін айыпты болып, 55 АЕК айыппұлға іліккен.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы Қалихан Қобыландиннің айтуынша 3 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының әуежайындағы Желілік полиция бөліміне «Скат» әуе компаниясының өкілі хабарласып, «Нұр-Сұлтан – Ақтау» бағытындағы ұшақта мас жолаушының жүргенін айтқан.

«Тексеру барысында Маңғыстау облысының 43 жастағы тұрғыны мас күйде әуе кемесінің салонында темекі шегіп, боқтап сөйлегені, тіпті аталған әуе компанияның қызметкерлерімен төбелескені анықталды. Ұшақ қонғаннан кейін ер адам полиция тапсырылды», - деп атап өтті полиция полковнигі.

Оған қатысты іс Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жөнелтілген.

Көліктегі полиция департаменті жыл басынан бері әртүрлі деңгейдегі әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін 32 498 адам жауапқа тартылғанын хабарлайды.



Соңғы жаңалықтар