Мас көкшетаулық көршілерін пышақпен қорқытып, газ баллонын жармақшы болды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көршілерін қорқытып, пәтерінде газ баллонын жарып жібермекші болған Көкшетау қаласының 25 жастағы тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, келеңсіз жағдай қаңтардың 30-ында Сарыарқа шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Масаң күйде болған жергілікті тұрғын көршілерін пышақпен қорқытқан. Шақыру орнына дереу сол маңдағы «Модуль-4» стационарлық бекетінде кезекшілік атқарып жатқан наряд бағытталды. Артынша, №8 учаскелік полиция бекетінің инспекторлары да жетті. Осы кезде, полициядан қашып, пәтеріне жасырынған ер адам газ баллонын ашып жармақшы болған.

«Ер адам газ баллонын ашып, шлангасын кесіп үйді жарып жіберетіндігі айтып қорқытты. Үйдің кіре берісіне газдың таралуына баланысты 80 адам, оның ішінде 20 бала эвакуацияланды. Арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Оқиға орнына ТЖД 5 арнайы өрт сөндіру техникасы, жедел медициналық жәрдем станциясының бригадасы келді», - деді ведомстводан.

Полиция қызметкерлері өрт сөндіру баспалдағы арқылы үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен ішке еніп, 25 жастағы құқық бұзушыны ұстады.

«Медициналық сараптама ер адамның масаң күйде болғанын және мінез-құлық ауытқуы болғанын анықтап отыр. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша мұқият тексеру жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, Көкшетау университетінде 100-ден астам адам эвакуацияланды.

Соңғы жаңалықтар