Маржан Арапбаева, Әділ Ахметов, Жеңіс Сейдуллаұлы азық-түлік пакетін әзірлеуге көмектесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері карантин кезінде мұқтаж отбасыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік таратуды жалғастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 19 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз біргеміз» акциясын жариялаған еді. Осылайша, арнайы қор құрылып, өмірлік қиын жағдайға тап болған, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, қарт адамдарға көмек көрсетіліп келеді. Республика бойынша 155 мың отбасына және астаналық 2 мың дәрігерге 50 мың теңгеден берілді. Елордада 5 мыңға жуық отбасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пакетін алды», - деп атап өтті «Jas Otan» жастар қанаты Байланыс және халықаралық ынтымақтастық басқармасының жетекшісі Ерсайын Амрин.

Оның айтуынша, азық-түлік пакетін таратудың екінші кезеңі қолға алынды. Осылайша, тағы 6 мың отбасы қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етілмек.

«Әрбір пакетте ұн, қант, макарон, күріш, май, тұз, шәй сынды 14 атаулы ең қажетті азық-түлік бар. Оған дистрибьютор болып «Магнум» сауда желісі бекітілді. Сондай-ақ, қор қаражатына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына 5 млн медициналық маска алған еді. Азық-түлік пакеттеріне де 50 дана маскадан салынған», - дейді спикер.

Азық-түлікті өлшеп, қаптап, көлікке тиеп, жеткізу жұмыстарын 300-ге жуық жасотандық ерікті тегін атқарып келеді.

«Күн сайын қала әкімдігі берген тізім бойынша азық-түлік пакетін әр үйдің алдына дейін жеткіземіз және үй иесімен ара қашықтықты сақтаймыз. Бұл көмекті де адамдар әртүрлі қабылдайды. Көпшілігі қуанышпен алғыстарын жеткізеді және кешіктіңдер деп сынға алатындар да баршылық. Өйткені, бізге еріктілер саны жетіспейді. Жалпы азық-түлік пакеті көпбалалы, асыраушысынан айырылған, мүгедек бала тәрбиелеп отырған немесе жұмыссыз отбасыларға беріледі», - деп түсіндірді Е. Амрин.

Сонымен бірге, азық-түлік пакетін әзірлеуге бірқатар өнер жұлдыздары көмектесті. Олардың қатарында Жеңіс Сейдуллаұлы, Маржан Арапбаева және Әділ Ахметов бар.

«Қайырымдылық - жүректің жылуын сыйлай білу деп айтады. Сондықтан, бұл - ең ұлы қасиеттің бірі. Осындай сын-сағатта қайырымдылық жасап, бірлігімізді көрсеткеніміз дұрыс деп ойлаймыз. Ынтымақ, сабырлық, шыдамдылық - біздің қанымызда бар қасиетті дүние. Мұқтаж адамдарға қайырымдылық көрсетіп, азық-түлік жеткізуді сіздер мен біздің қосылып жасап жатқанымызға қуаныштымыз. Мықты болайық, бір-бірімізге жақын болайық. Қазақша айтқанда, індеттің көбі кетіп, азы қалды. Ең бастысы, тәртіпті сақтап, мүмкіндігінше үйден шықпай, сәл шыдасақ, індетті жеңетінімізге сенемін. Жеке өзім «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде, сосын «Jas Otan» жастары жасап жатыр деген соң, жастарға үлгі көрсету үшін ұсынысты қуана қабылдадым», - деді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттің ұйымының басшысы Жеңіс Сейдоллаұлы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған акция мамыр айының ортасына дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар