«Mariyam»: Сәби сүйгісі келетін жұптарға ЭКО жасатуға демеушілік қор ашылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда бедеулік диагнозы қойылған 20 мың әйел мен 4 мың ер адам есепте тұр. Жыл сайын «Аңсаған сәби» бағдарламасымен 7 мың әйелге экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ/ЭКО) процедурасын тегін жасауға квота бөлінеді. Дегенмен бұл көмекке мұқтаждар саны әлі де аз емес. Бүгін елордада сәби сүйгісі келетін, мемлекеттік квотаға іліне алмаған келіншектерге көмектесуді, ЭКО-процедураларға демеушілік көрсетуді көздейтін «Mariyam» қоры таныстырылды. Тұсаукесер «Экомед» ЭКҰ репродуктивті медицина орталығы және «Jibek Joly» телеарнасының қолдауымен өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған қор елге танымал тележүргізуші, журналист Ләйлә Сұлтанқызының бастамасымен құрылған. Жыл соңына дейін «Mariyam» қоры 15-20 әйелге тегін ЭКҰ процедурасын сыйлауды жоспарлап отыр. Ал қор аясында «Jibek Joly» арнасында «Ана болғым келеді» телевизиялық жобасы эфирге шығып, 6 пациент қордың жеке бақылауында сәбилі болу бақытын күтіп жүр.


Қордың «Mariyam» аталуының да себебі бар. Бір жағынан, Мәриям – қайырымды ананың образы, Құранға енген құрметті есімдердің бірі болса, екінші жағынан – қор авторының жеке отбасылық тарихымен байланысты.

Үш жыл бұрын ағам қаза тапқанда, жеңгемнің құрсағында алтыншы баласы Мәриям қалған еді.


Мәриям ерекше нәзік, ақылды ерке болып өсіп келе жатыр. Ендігі менің мақсатым – ағамның атын ізгі істермен байланыстыру. Өзім қос ұлымнан кейін тағы бала сүйгім кеп, екі жыл қатарынан эко-орталыққа барған едім. Сонда талай әйелдің, талай ердің көз жасын, бала сүюді аңсағанын, қандай қиындықтардан өтетінін көрдім. Осыдан кейін «Экомед» репродукциялық орталығына бір отбасының ЭКО-процедурасына көмек көрсетейін деп жүгіндім. Нәтижесінде достарым мен таныстарым бұл игі істі қолдап, бірнеше отбасына тегін ЭКО сыйлай алдық

, - деді Ләйлә Сұлтанқызы агенттік тілшісіне берген сұхбатында.


Содан кейін Ләйлә Сұлтанқызы Jibek joly телеарнасында «Ана болғым келеді» хабарын жүргізе бастады.

Маған ЭКО мемлекеттік квотасына түрлі себеппен ілінбей қалған, сәби сүюді аңсаған мыңдаған отбасы хабарласатын. Оларға көмек көрсеткісі келген, қаражатты қайда аударайық деп хабарласқан қайырымды жандар да аз болмады. Өкінішке орай, біз ақша жинай алмаймыз. Сонда «Экомед» орталығымен келісім орнатып, кез келген тілек білдіруші жәрдем бере алатын қор ашуды ұйғардық. Бедеулік мәселесі жылдан-жылға артып келеді, тіпті жастардың арасында байқала бастады. Бүгін ғана 24 жастағы павлодарлық әйел үш жылдан кейін бала көтергенін айтып, сүйінші сұрады. Менің басты міндетім – осы мәселеге қоғам назарын аударту, көпшілігі бедеулікті жасырады, айтуға ұялады. Қайда, кімге жүгіну керегін білмейді. Сондықтан біз егжей-тегжейлі нұсқаулықтар береміз, тегін консультациялар жасаймыз. Жыл соңына дейін 15-20 отбасына тегін ЭКО процедурасын сыйлағымыз келеді

, - деді Л. Сұлтанқызы.


Қазіргі уақытта белгілі бір жанама аурулар болса, бір адамға ЭКҰ процедурасын жасату құны 2 млн теңгеден асады.

Қорға көптеген компаниялар, кәсіпкерлер көмектесіп жатыр, олардың кейбірі өз есімін жариялағысы келмейді. Бала сүйгісі келген бір отбасы екінші бір жұпқа көмектесіп жатады, бұл таңқаларлық. Бәлкім осындай қайырымдылық арқылы адамдар бақытты болғысы келетін шығар

, - дейді идея авторы.


Сонымен бірге Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қордың ашылуына арнайы құттықтау лебізін жіберді.

Бұл қор төл перзентін аңсаған отбасыларға сәбилі болуға көмек көрсетуді көздеп отыр. Бұл біздің қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан, сіздің осы бағытта тың бастаманы қолға алып, қор ашуыңыз – қолдауға лайық әрекет. Әсіресе бұл ізгілік, мейірім, қайырым сияқты құндылықтардың бағасы артқан қазіргі заманда батыл әрі маңызды қадам. Халқымыз «Балалы үй - базар» дейді. Шын мәнінде сәбидің сыңғырлаған күміс күлкісі адамға ерекше шаттық сыйлайды. Дегенмен, осындай қуанышқа қол жеткізе алмай жүрген отбасылар аз емес. Сол себепті елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Аңсаған сәби» бағдарламасы қолға алынып, бүгінде осы бастама аясында көптеген отбасы балалы болып, бақытқа кенелгенін білеміз. Сіз құрған қор осындай игі істің жалғасы. Соның ішінде мемлекеттік бағдарламаға іліне алмай қалған ата-аналарға көмек көрсетуіңіз талай жанға үміт сыйлары анық. Мұндай жобалар елімізде халық санының артуына да өз септігін тигізеді. Алдағы уақытта қор белсенді азаматтар тарапынан қолдау тауып, көптеген сәбидің өмірге келуіне себепші болады деп сенемін! Осы жолдағы істеріңізге сәттілік тілеймін! Жаңа бастама жақсы амалдармен жалғасып, әр ата-анаға бала сүю бақыты бұйырсын! Қазақстан халқы көбейе берсін!

, - деп құттықтады Сенат төрағасы.


Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің айтуынша, елімізде бедеулік диагнозы қойылған 20 мың әйел мен 4 мың ер адам есепте тұр. «Халық денсаулығы туралы» кодекстің 146-бабында бедеулік диагнозы бар жұптарға МӘМС, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы экстракорпоралды ұрықтандыру қызметі тегін көрсетіледі.

2020 жылдың күзінде Президент тапсырмасымен экстракорпоралды ұрықтандыру бойынша жаңа бағдарлама әзірленді және оған бөлінетін қаражат 7 есеге артты. Бүгінде ЭКО процедурасын жасатуға 7,5 млрд теңге бөлінеді және жыл сайын 7 мың әйел бұл қызметті қолдана алады

, - деп түсіндірді вице-министр.


Екі жылда «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы (2021-2022 жылдары) 14 000 әйел квота алды. Нәтижесінде 3 300 отбасында 4 000 сәби дүниеге келді, шамамен 2 500 әйел жүктілігі бойынша қаралуда.






Соңғы жаңалықтар