Марат Қожаев «Вагнер» құрамында болғаны үшін Украинада сотталған қазақстандық туралы пікір білдірді

None
Фото: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрамында болғаны үшін Украинада сотталған Қазақстан азаматы елімізде де қылмыстық жауапқа тартылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Мәжілісте тілшілер министрдің орынбасарынан «Вагнер» жеке әскери компаниясы құрамында болған және Украинада сотталған Қазақстан азаматы туралы сұрады.

«Менің ойымша, аталған адамға қатысты мәселені Сыртқы істер министрлігі пысықтап жатыр. Яғни бұл тақырып сыртқы саяси ведомство құзыретінде. Басқа елдердің аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысқандарға Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деді М. Қожаев.

Оның айтуынша, бұл адам Украинада таяуда ғана сотталған. Оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі алдағы уақытта қаралуы мүмкін.

Айта кетейік, бұқаралық ақпарат құралдарында «Вагнер» жеке әскери компаниясы құрамында болған Қазақстан азаматын Украинада 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шыққаны хабарланды.

Бұдан бөлек, биыл сәуір айында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ҚР СІМ «Вагнер» құрамына өткен студент Қазақстанда қылмыстық жауапқа тартылатынын жариялады. Осындай әскери компаниялардың құрамына кіретін адамдар елімізде 5 жылдан 9 жылға дейін жазаға тартылады.


Соңғы жаңалықтар