Марат Бекетаев әзірленген маңызды заңдар туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін халыққа онлайн режимде есеп беру кездесуінде Әділет министрі Марат Бекетаев Президенттің тапсырмасы бойынша ведомство әзірлеген заңдар туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңы бар. Заңмен партиялық сайлау тізімдерінде гендерлік және жастарға арналған квоталар енгізілді. Әйелдер мен жастардың кемінде отыз пайызын партиялық тізімге қосу туралы талап қойылды. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси процестеріне әйелдер мен жастарды белсенді тарту үшін қосымша құқықтық жағдайлар жасауға мүмкіндік берді», - деді М. Бекетаев.

Сонымен қатар ол «Саяси партиялар туралы» Заңға өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңға тоқталды. Ол саяси партияларды құру үшін тіркеу талабын қырық мың адамнан жиырма мың адамға дейін төмендетуді көздейді. Заңның мақсаты - көппартиялылық процесін одан әрі дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді әзірлеу мен қабылдау процесіне жаңа саяси партияларды тарту.

«Ағымдағы жылдың 25 мамырында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына түзетулерге қол қойды. Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегі жеті пайыздан бес пайызға дейін төмендетілді, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінің нысандарына «Барлығына қарсы» деген жазуы бар баған енгізілді. Бұл норма саяси бәсекелестікті арттыруға елеулі үлес қосады, сондай-ақ мемлекеттік саясатты жүргізу барысында халықтың пікірін көбірек қамтуға және ескеруге мүмкіндік береді деп пайымдаймыз», - деді министр.

Үшіншіден, қолданысқа биылдың бірінші шілдесінен бастап енгізілетін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды. Бұл – біздің құқықтық жүйе үшін жаңа құжат.

«Азаматтарға мемлекеттік органдар шешім қабылдағанға дейін тыңдау құқығы беріледі. Сонымен қатар, азаматтарға өтінішті ресімдеуге, сондай-ақ дәлелдемелер базасын жинауға көмек көрсетуде соттың белсенді рөлі енгізіледі. Әкімшілік әділетті енгізу мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасқа жаңа серпін береді», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар