Марат Бәшімов Парламент Мәжілісінің құрамынан не күтетінін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов Парламент Мәжілісінің құрамынан не күтетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді басқа Парламент құрамы болады. Өйткені Президенттің Парламент құрамының 30 пайызы жастар мен әйелдерден тұруы керектігі жөніндегі бастамасының өзі қазіргі Парламенттің құрамын едәуір өзгерткелі тұр. Жастар келе жатыр. Ойлары, пайымдары, талаптары басқа. Өзім де Парламентте жұмыс істеген адаммын. Ең алғаш 2001 жылы Парламенттің есігін ашқанымда таң қалғаным бар. Сенаттың ескі ғимараттарында кілең 60-70 жастағы ақсақалдар отыратын. Сол кезде Парламент қабырғасына қашан жастар келер екен деп ойлайтын едім. Міне, қазіргі жағдайды мен өте позитивті фактор деп санаймын», - деді Марат Бәшімов елордада өткен «SAILAU-2021: Парламент сайлауының алдын ала қорытындылары» атты сараптамалық талқылауда.

Сарапшының айтуынша, партиялар Парламентке ұсынып отырған қазіргі азаматтардың көбі азаматтық ұстанымымен елге танылған адамдар. Сол себепті ол Парламент пен халықтың арасында кері байланыс күшейер дегенге сенім білдірді.

Марат Бәшімов кейінгі жылдары атқарушы биліктің ашықтығына көбірек көз жеткізіп келе жатқанын айтады.

«Ендігі кезекте осы Парламенттің түр-тұлғасы толығымен өзгерер деген ойдамыз. Азаматтық қоғаммен, Үкіметтік емес ұйымдармен, БАҚ-пен ынтымақтастықты нығайтатын Парламент болар деген үміттеміз», - деді Марат Бәшімов.


Соңғы жаңалықтар