Марат Бәшімов: Қазақстанда карантин мерзімін ұзарту – дұрыс шешім

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі құқықтанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мемлекет басшысының карантин тәртібін ұзарту туралы шешіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Карантин 1 мамырға дейін ұзартылды. Бұл дұрыс шешім. Әйтпесе карантинді тоқтату керек, отырудан шаршадық дегендей әңгімелер тарай бастады әлеуметтік желіде. Бірақ вирустың шарықтау шегі, бізде де, көршілерімізде де, әлемнің кез келген нүктесінде өткен де жоқ. Сондықтан бейқамдық әлі де өмірге қауіп төндіреді. Дәл осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі дәл айтылып отыр», - деп жазады құқықтанушы Facebook-тегі парақшасында.

Заңгердің пікірінше, халық қауіпсіздікті сақтай білуі тиіс. Себебі кейбір өңірде коронавирусты жұқтырғандардың саны артып барады.

«Мемлекет басшысы өз сөзінің соңында тура айтты: карантин кезінде адамдардан үйден болуын талап етеміз деді. Әлбетте үйде оқшаулану адамдар үшін оңайға түсіп тұрған жоқ. Бірақ Президент айтқандай, басқа шара да жоқ», - дейді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында ТЖ режимін сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырғанын хабарлаған еді.


Соңғы жаңалықтар