Марат Бәшімов: Карантин шараларын екі аптаға ұзарту – өте маңызды әрі керекті шешім

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов Президент карантин шараларын екі аптаға ұзарту тапсырмасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мамыр айында шектеу шараларын жеңілдеттік те елде індет қайта өршіп кетті. Шілде айының басында енгізілген карантин шаралары тамыздың басына дейін ұзартылды. Біздің ел секілді басқа мемлекеттер де амалсыз карантин мерзімін ұзартып жатыр. Өйткені ол елдерде де, біздің мемлекетте де позитив бар десек те індеттің беті әлі қайта қойған жоқ. Мемлекеттік органдар да айылын жиып, халық та назарын бұл мәселеге көбірек бұра бастады. Президенттің бұған дейін Үкіметке жасаған ескертуін білесіздер. Әйтсе де біздің елде індетті еңсердік деп айта алмаймыз. Себебі күніне 1500-ге тарта адамнан коронавирус анықталуда», - деді Марат Бәшімов ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы айтқан пікірінде.

Оның айтуынша, Президенттің карантин шараларын екі аптаға ұзартуы – өте маңызды әрі керекті шешім.

«Өйткені қазір жағдайды бақылаудан жіберіп алсақ, вирус қайта өршіп кетуі мүмкін. Халыққа кінә артып жатқандардың пікірімен келісе қоймаймын. Әйтсе де вирусқа әлі де сенбей жүргендер бар. Өкініштісі, көшеде маскасыз, әлеуметтік қашықтықты сақтамай жүргендерді әлі көріп жүрміз. Сондықтан карантин шараларын меніңше қатаң сақтауды екі аптаға тағы ұзарту керек. Бұл дұрыс шешім», - деп қайталады сөзін ол.

Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, карантин шараларын екі аптаға ұзартуды тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар