Марат Ахметжанов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты себептерін атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын күштеу шарасымен шешу мүмкін емес. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын тек күштеу, мәжбүрлеу шарасымен шешу мүмкін емес.

«Полицияның қылмыстық немесе әкімшілік шаралары – тек салдармен күрес екенін атап өту керек. Бұл жағдайдың түпкі тамыры – әлеуметтік проблемалар. Атап айтқанда, әлеуметтік тұрақсыздық, маскүнемдік, нашақорлық, психикалық ауру, құмар ойындармен әуестену, моральдық-адамгершілік құндылықтың әлсіреуі. Сондықтан, бұл мәселені шешу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар, барлық қоғам болып атсалысу керек», - деді Марат Ахметжанов.

Бұған дейін министр биыл отбасылық-тұрмыстық салада 668 қылмыс жасалғанын айтты. Сондай-ақ, отбасында зардап шеккен 7,5 мың әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылған.



Соңғы жаңалықтар