Марат Ахметжанов сайлау күні қоғамдық тәртіп қалай қамтамасыз етілетінін айтты

None
Фото: t.me/Kzgovernment
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне 19 наурыздағы сайлау күні қоғамдық тәртіп қалай қамтамасыз етілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлау күні біз сайлау учаскелерін күзетке алуға міндеттіміз. Сондықтан, қосымша күш тартылады. Учаскелерге бюллетеньдер әкелінгеннен кейін күзетке алынады. Оған қоса қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін біздің патрульдер өздеріне жақын орналасқан учаскелердің аясында шоғырландырылады. Сіздер байқамайтын шығарсыздар, республика бойынша біздің патрульдегі 13 мыңдай адам тыныштықтарыңыз бен қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етіп жүр», - деді министр.

Сондай-ақ, ол журналистердің сауалына жауап бере отырып, Астана мен Алматы қалаларына сайлау күні Ұлттық ұланның қосымша күші тартылмайтынын айтты.

«Жоқ, әрине. Қажеті қанша? Біздің ішкі әскеріміз бар, ал Ұлттық ұлан ішкі әскер емес. Олардың өзіне бекітілген стратегиялық нысандарды, түзету мекемелерін күзету сияқты міндеттері бар. Яғни, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге патрульдік бекет сақшылары, учаскелік полиция өкілдері жұмылдырылады», - деді Марат Ахметжанов.


Соңғы жаңалықтар