Марат Ахметжанов «Қорғау» құралының «Сергектен» айырмашылығын атады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов «Қорғау» құралының «Сергек» жүйесінен айырмашылығын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қорғау» құралының «Сергектен» айырмашылығы қандай? Елдің қай аймақтарында енгізіледі?», - деп сұрады журналист министрден Үкімет кулуарында.

Марат Ахметжановтың айтуынша, «Қорғау» - «Сергек» жүйесінің құрамдас құралы.

«Қорғау» деген «Сергектің» бір құралы. Ол құрал жеке енгізілмейді. Бұл алдын ала тосқауыл қою құралы десе болады. Мысалы, жалған нөмірмен келе жатсаңыз, не болмаса «қауіпті жүргізуші» деген ұғым бар. Яғни, сағатына 120 шақырым жылдамдықпен келе жатқан жүргізушіні «Сергек» автоматты түрде «қауіпті жүргізуші» деп белгі береді. Сол белгі бойынша әлгі радиуста тұрған патрульдердің планшеттеріне «Сіздің бағытыңызда осындай атвокөлік келе жатыр» деген сигнал түседі. Патруль сондай көліктерді тоқтатады. Патруль тоқтатып, оның неге жоғары жылдамдықпен келе жатқанын анықтайды. Әр түрлі жағдай болуы мүмкін. Жай бір жерден асығыс келе жатуы мүмкін. Не болмаса мас күйінде, нашаға мас болып айдап келе жатқан болуы мүмкін. Тіпті ұрлап әкеткен көлік болуы мүмкін. Сондықтан «Қорғау» құралдарын алты қалада орнатуға техникалық мүмкінігіміз бар», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, аталған құрал жүргізушілердің патрульдік полиция өкілдеріне пара ұсынуын азайтуға тиіс.

«Құрал жалған нөмірмен жүрген, айыппұлдарын төлемей жүрген көліктерді қалың көліктің арасынан өзі таңдап, көрсетіп, радуиста тұрған патрульдің планшетіне, біздің орталыққа жіберіп отырады. Оның бір тиімділігі, жемқорлыққа жол бермейді. Өйткені «Қорғау» арқылы патрульге берілген мәлімет бар, ұстаған патрульдің қандай шара қолданғаны электронды түрде тіркелген болуы керек», - деді Ішкі істер министрі.



Фото: ortcom.kz





Соңғы жаңалықтар