Маралдыда алтын өндіру фабрикасын салып жатқан компанияға 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасын салып жатқан компанияға 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының халқы алтын өндіруші компанияның жұмысына наразылық білдіріп, экологияның бұзылып жатқандығына шағымданған. Ал ауылдың бір топ белсендісі керісінше, сол компанияны қолдап, заңсыз алтын қазушылардың бар екендігін айтып, Президентке хат жазған еді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Маралды алтын кеніші туралы бірнеше сұраққа жауап берген.

ШҚО әкімі Маралдыдағы алтын кенішінің даулы мәселесі заң шеңберінде ғана шешілуі тиістігін мәлім еткен.

Фабрика құрылысы екі жылға жуық уақыттан бері жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындар өндірісте цианид қолданылатынына наразы. Олардың пікірінше, цианид суға түссе, аумақты улайды. Металлургтер керісінше, жаңа фабриканың мүлдем қауіпсіз және табиғатқа ешқандай қауіп төндірмейтінін жеткізуде. Қоғамдық тыңдаулар еш нәтижесіз болды. Әр тарап өз көзқарасында қалды.

ШҚО Экология департаменті аталған ауылда алтын фабрикасын салып жатқан «VSAM Production» ЖШС-не қатысты тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталды.

«Тексеру жұмыстары 3 аптадан астам уақытқа созылды. Кәсіпорынның қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының талаптарын сақтамағаны анықталды. Сондай-ақ жабдықталмаған учаскелерде өндірістік қалдықтар сақталған. Сол қалдықтармен жұмыс істеу талаптары бұзылған. Жердің мұнай өнімдерімен ластану фактілері де тіркелді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Экологтар тексеруден соң 5 әкімшілік іс қозғады. Компанияға 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар