Maqpalsher «Қолыңды бер» атты жаңа альбомын жарыққа шығарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік карантин талаптары тың мәдени ізденістерге негіз болып, жаңа мазмұн мен формадағы өнер туындыларының тууына себепкер болды. Ақын, музыкант Maqpalsher-дің (Мақпал Жұмабай) «Қолыңды бер» альбомы да - осы бағыттағы эксперименттік жоба, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қолыңды бер» бір мезгілде әлемнің екі нүктесінде – Қазақстан мен Германия музыканттарының қатысуымен Live режимде жазылды.

Альбомның басым бөлігі Берлиндегі Jazzanova Recording Studio (JRS) студиясында ұйымдастырылды.

Ал, түсірілім жұмыстары Берлин және Алматы қалаларында таспаланған.

JRS – 2013 жылы негізі қаланған Еуропадағы озық дыбыс жазу студияларының бірі. Дыбыс инженері әрі студияны құрушы Axel Reinemer.

Айта кетерлігі, бұл студияда Рейнемердің жетекшілігімен Black Eyed Peas, Rihanna, Patricia Kaas сынды әлемге танымал музыканттар мен Universal Music, Sony Music студиялары дыбыс жазған.

Дәл осы студияда жазылған LP5 музыкалық альбомы 2020 жылы Grammy номинанты атанды.

«Қолыңды бер» атты миниальбомның негізгі тақырыбы – адамзат және оның көкейкесті сұрақтары. Жоба пандемия кезеңіндегі адамның көңіл- күйі мен жан бұлқынысын сипаттайды. Альбомның аты айтып тұрғандай, бір-бірімізге бір сәт назар аударып, жүрек көзімен қарауға, қажет болса қол созып, бірлесуге шақырады. Сонымен қатар, бұл халықаралық жоба өнердің әлемге ортақ құндылық екенін дәріптеп, тіл, діл және мәдени алуандылықтың өнерді байыта түсетінін дәлелдейді. Осы орайда жобаға қатысқан германиялық музыканттар: «Әу баста біз мәдени шекараны аттап өтіп, жобаға өз деңгейінде үлес қоса аламыз ба?» деп уайымдаған едік. Алайда, уайымымыз іс жүзінде негізсіз болып шықты. Композицияларды орындай бастағанда-ақ барлық қорқынышымыз сейілді. Бұл – музыканың, өнердің күші еді! «Қолыңды бер» – біз үшін музыканың мүмкіндігін және бір танытқан ғажап тәжірибе болды», - деп пікір білдірді Alex Reinemer.

Еске сала кетейік, «Қолыңды бер» – Maqpalsher-дің екінші халықаралық музыкалық жобасы.

2019 жылы ақын, композитор Лондондағы The Brunel Museum сахнасында «AUA» концептуалды концертін өткізген болатын.

Белгілі британ ақыны Дэвид Кук алдын ала ағылшын тіліне аударған сол кеште орындалған барлық жыр көрерменге жинақ түрінде тарту етілген.

«Қолыңды бер» альбомының видеосы YouTube платформасында 9 қыркүйек күні жарық көрді.

Сонымен қатар жақын арада альбомды Itunes, Apple Music, Yandex Music, Spotify және басқа стриминг платформаларында тыңдауға, жүктеуге болады.


Соңғы жаңалықтар