МАОКАМ‑ды енгізумен бірге халықтың қаржылық сауатын арттырған да орынды

None
None
АСТАНА. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қалай дегенмен де әлемді шайқаған қаржы дағдарысының қазақ үшін  аз болса да жағымды жағы болғаны анық. Дағдарыс мемлекетті қаржылық‑экономикалық саясатта үнемділікке, шешім қабылдауда шапшаңдыққа, шаруашылықта бірсарынды шикізаттық секторға тәуелділіктен арылуға, отандық өндірісті қолдауға мәжбүрледі.

 Ал қалың жұртшылық банк несиелеріне он ойланып, тоғыз толғанып баратын болды.

 Дағдарыс салдарынан аузы күйген қарапайым ел үнемділікті ғана емес, ақша жұмсауда ұқыптылықты үйренді. Бұдан басқа, халықаралық қаржы жаңалығына да жиі‑жиі құлақ түретін болдық.   Бұрын биржа саудасының ба­ғамын бақыламақ түгілі биржа­лық индекстердің бар екенін білмейтін едік, ендігі күні қор биржаларынан жағымды жаңалық күтіп сарылатындар көп. Әсіресе, еліміздегі өнеркәсіп секторында еңбек етіп, зауыттар мен шахталарда кен қазушылар әлемдік қор биржаларындағы өзгерістердің өздеріне де әсері барын сезетін болды. Әрине, мұның барлығы халықтың қаржылық сауаты артып кетті деген сөз емес. Дегенмен халық дағдарыс жағдайында өмір сүруге де бейімделіп, олардың қаржылық мәселесінде де салмақтылық байқала бастағандай. Сонымен бірге, дағдарыс жағдайында жұртшылықтың өз қолында бар қаржысын тиімді орналастыру мәселесіне де алаңдайтыны шындық. Расында, да бүгінгі  жағ­дайда  ел арасында қолдағы қаржыны шашау шығармай сақтап қалу, оны қандай валютамен сақтау немесе  қай салаға инвестициялау мәселесі толғандырады.

 Дәл осындай жағдайға байланысты  қосымша қаржылық қорғаныс құралдарын ендірудің маңызы зор болмақ. Осы аптадағы басқосуында  халыққа арналған мемлекеттік бағалы қағаздар шығару туралы қаулы жобасын қабылдаған Үкіметтің негізгі көздегені де осы болса керек. Бұл турасында Қаржы министрі Болат Жәмішев : «Қаржы дағдарысы жағдайында халықтың банктердегі депозиттерге деген сенімін арттыруды ғана көздеп отыра беруге болмайды. Тұрғындарға өз қаражаттарын  сақтауды қамтамасыз ететін жаңа қаржы тетіктерін ұсыну керек. Министрлік бірнеше ай бойы осы мақсатта жұмыс істеді. Мемлекетіміздің де мүддесіне сай келетін, азаматтарымыздың да сұранысын қанағаттандыратын қаржы тетігін іздеген едік»,‑ дейді.

 Ал мұндай қаржы тетігі 15 млрд. теңге көлеміндегі МАОКАМ атты мемлекеттік бағалы қағаздарды шығарумен байланысты болып отыр.

 Министрдің сөзіне қарағанда, аталмыш бағалы қағазды бірінші орналастыру кезінде оны Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын жеке тұлғалар ғана, ал екінші нарықта оны жеке тұлғалармен қатар заңды тұлғалар да сатып ала алатын болады. Қаржы министрлігі алғашқы екі транштың нәтижесі бойынша бұл қаржы құралына азаматтардың қызығушылығын бағалап, одан кейін барлық шығарылымның түпкі көлемін анықтайды.

Жалпы, жоспарланып отырған бағалы қағаз көлемі соншалықты ауқымды болып табылмайды. Бұл ретте Қаржы министрлігі халыққа арналған мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару есебінен, коммерциялық банктерге депозиттердің түсімін азайтуды  қаламайтынын алдыға тартып отыр.  «Бір сөзбен айтқанда, біз кірістілігі АҚШ долларының бағамына байлаулы құралдарға инвестиция салуға мүдделі, алайда сонымен бір мезгілде қазіргі уақытта өзінің жинақтарын банктерге орналастырғысы келмейтін азаматтарға қосымша құрал ұсынғымыз келеді», ‑ деді Б. Жәмішев. Жобаға сәйкес,   МАОКАМ бойынша пайыздық табыс екінші деңгейлі банктердегі шетел валютасындағы депозиттерге қарағанда төмен болатын түрі бар. Дегенмен де, бұндағы басты мақсат пайыздық табыста емес, мемлекет айналымға енгізетін жаңа құралға деген сенімде болып отыр. Яғни, қаржыгер‑шенеуніктер халық  жаңа құралда ешқандай тәуекел (риск) болмайтынына сенсе,  оған деген қызығушылығы да арта түседі  деп пайымдайды.   Сонымен бірге, жеке тұлғаларға арналған аталмыш бағалы қағаздар 2-3 жылдық айналым мерзімге шығарылады, ал олардың номиналды құны теңгемен бағаланады және 10 АҚШ долларына баламалы болып табылады. Мемлекеттік бағалы қағаздарды екінші нарықта сату кезінде азаматтар брокерлердің сыйақысымен байланысты ешқандай да  шығындар шығармайды. Барлық шығындар комиссиялық сыйақыларға енгізілген және агенттердің мойнына түседі. МАОКАМ бағалы қағаздардың алғашқы шығарылымы таяу уақытта жүзеге асады деп жоспарлануда.

Тоқтала кететін жайт, жаңа  қаржы құралы енгізілгенге дейін  Қаржы министрлігі бұқаралық ақпарат құ­ралдары арқылы тұрғындардың арасында жан-жақты насихат және түсінік жұмыстарын жүр­гізуді қолға алмақ. Бұндай тапсырманы Үкімет басшысы да қадап айтқан болатын.  Әрине, қалың қазақ үшін бұндай насихат жұмысы ауадай қажет десек артық айтпаған болармыз. Ең бастысы бұл бағытта тек жарыққа шығатын құнды қағазды жарнамалай бермей, халықтың қаржылық сауатын арттыру көзделсе игі. Өйткені, елдің қаржы саласындағы сауатын көтеру мемлекеттің де жұрт алдындағы жауапкершілігін білдіреді. Түптеп келгенде, қаржылық сауат ашу арқылы  қазақстандықтар жаппай бағалы қағаздарды сатып алуға ұмтылады деуден аулақпыз. Дегенмен, дағдарыс жағдайында халықтың  қаржылық білік­тілігін арттырудың берері мол. Дағдарыс мәңгілік емес деп жүрміз ғой. Ендеше,   дағдарыстан шыққаннан кейін отандық қаржы рыногының даму үрдісі жаңа кезеңге аяқ басатыны сөзсіз. Ал сондай кезеңде халық та  өз бетінше  инвестиция са­луға қабілетті, қаржылық  мен­талитеті жоғары бола түскені құпталады.

*         *          *

Конституция күні қарсаңында Мемлекет Басшысы Н. Назарбаев Астанада құрылысы аяқталған «Еуропалық» үлестік құрылыс нысанына келіп, осы жерде аталмыш үйдің және «Оқжетпес», «Әл-Фараби», «Байқоңыр» тұрғын үй кешендерінің тұрғын үй құрылыс кооперативтерінің басшыларына символикалық кілттерді табыс етті. Сондай-ақ өз пәтерлерінің толық құнын төлеп, жақында тұрғын үй комитетінің оң шешімін алған үш үлескерге де пәтер кілттері Елбасының қолынан тапсырылды. Салтанатты шара барысында Президент Ұлттық қордың дағдарысқа қарсы күресте тиімді пайдаланылып жатқанын, соның нәтижесінде Үкімет құрылыс, үлескер мәселесімен қоса, халықтың әлеуметтік жағдайына демеуші болғанын атап өтті. «Ұлттық қорда жиналған қаржының арқасында мемлекетке де, халыққа да көмек жасалып отыр. Ондай қор жиылмаса 60 мыңға жуық  үлескердің пәтерлі болуы күрделеніп, әлеуметтік жағдай да қиындайтын еді. Жалпы, дүние жүзінде ешбір мемлекет үлескерлерге көмек жасамайды. Себебі сіздер құрылыс компанияларын өз еріктеріңізбен таңдап, олармен келісімшартқа отырдыңыздар. Оған мемлекеттің қатысы жоқ», ‑ деді Президент. Осы орайда Президент бұл проблема туындағанда мемлекеттің алдында «не істеу керек» деген сұрақ туындағанын айта келе: «Үлескерлер құрылыс компанияларымен өздері келісімшартқа отырды, олармен өздері соттасып, қаражаттарын қайтарып алсын деген ұсыныстар болды. Мемлекеттің үлескерлерге беретін қаржысы жоқ, несие берейік немесе пәтерлерді жалға берейік деген де ұсыныс болды. Осының бәрін ой елегінен өткізіп мен үлескерлерді алдаған алаяқтармен соттасуды мемлекет өз қолына алып, қаражатты қайтадан мемлекетке қайтарып алу керек, бірақ халық баспанасыз қалмауы тиіс деген шешім қабылдадым», деді.  Осы орайда Елбасы үлескерлер проблемасы болашақта қазақстандықтарға сабақ болуы тиістігін атап көрсетті. «Үлескерлердің ішінде жиған-терген қаражатын түгел пәтерге салған адамдар, бұдан бизнес жасаймын деп, 10-20 пәтерге ақша салғандар да бар. Біз бір пәтерге ақша салғандарға көмектесеміз, соңғыларына көмектеспейміз. Сондықтан бұл мемлекеттің халыққа  жасап отырған ерекше қамқорлығы», деді Н. Назарбаев. Мемлекет басшысының айтуына, қарағанда, қолға алынған шаралардың арқасында биыл Қазақстанда 30 мың үлескер пәтерін алады. Ал қазіргі таңда үлескерлерді алдаған 48 алаяқ түрмеге жабылған. Н. Назарбаев жиналған жұртты қоныс тойымен және алдағы  Конституция күнімен құттықтады.

Жалпы, Үкімет дағдарыс жағдайына қарамастан үлескерлердің мәселесін ұтымды шешіп отыр. Мәселен,  2007 жылы қыркүйекте Қазақстан бойынша толық салынып бітпеген және проблемалы саналатын нысандар саны 444 болып, оған 63 мыңға жуық үлескер қатысса, өткен жылдары  25,8 мың үлескерлері бар 187 нысанның құрылысы аяқталған. Үкімет үлестік құрылыстың нақты тетіктері мен қаржыландыру көздерін анықтап, әкімдіктер тарапынан проблемалы болып саналып келген барлық нысандарды аяқтау қолға алынып отыр. Бір сөзбен айтқанда, үлескерлер құрылысы атқарушы биліктің жіті бақылауына алынып,  алдағы уақытқа қатысты  заң нормалары да жетілдірілді.

Соңғы жаңалықтар